Асқар Мамин өңірлердегі жем-шөп жеткізу жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды

Асқар Мамин өңірлердегі жем-шөп жеткізу жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды
www.gov.kz

Премьер-Министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі өңірлерді жем-шөп мәселесі бойынша қолдауды тапсырды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz qazaqparat.kz сілтеме жасап.


«Биылғы жазда ерекше қуаңшылық болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңірлер зардап шекті. Қуаңшылықтың салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды. Зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб жұмыс істеуде. Жем-шөп сатып алу үшін Үкімет резервінен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына 3,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ жем-шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзан дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жем-шөп жеткізілді. Батыс өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кірісті», - деді А. Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, республикадан кесек жем-шөпті шығаруға және жемдік астық экспортына квота беруге уақытша тыйым салынды. Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауы қажет», - деді Үкімет басшысы.