Асқар Мамин: Қызмет көрсету, білім беру саласын вакциналау қажеттігі байқалып отыр

Асқар Мамин: Қызмет көрсету, білім беру саласын вакциналау қажеттігі байқалып отыр
Сурет: Еlgezit.kg

Соңғы күндері еліміздегі эпидахуалдың нашарлап, жаңа штамның тарауына байланысты қосымша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Санитарлық-эпидемиологялық ахуал өзгеріп барады. Өңірлерде вирусты жұқтырған адамдардың саны өсуде. Ауруханалардағы орындардың жүктемелігі 27 пайыз, ал жансақтау бөлімінде 24 пайызды құрап отыр. Елордадан басқа «қызыл» аймаққа тағы төрт өңір кірді. «Сары» мен «жасыл» аймақта алты өңірден бар. «Қызыл» аймақтардағы барлық өңірде шектеу шаралары қолданылып, мониторинг топтарының жұмысы күшейтілуі тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин осы жайттың бәрін ескеріп, резервтегі инфекциялық орындардың дайындығын пысықтап, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды

«Бүгінгі күні вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық адам салдырды. Шамамен 2 миллион адам ІІ компонентті ектірді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әкімдер вакцина салу қарқынын күшейту керек. Бұл, әсіресе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына қатысты. Қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналау қажеттігі айқын байқалып отыр», - деді Премьер-Министр.