Астанада шахматтан әлем чемпионаты мәресіне жетті

Астанада шахматтан әлем чемпионаты мәресіне жетті
Сурет: Ашық дереккөз

Қытайлық шахматшы Дин Лижэнь чемпион атанды

Елордада бір айға жуық жалғасқан шахматтан әлем чемпионатының жабылу салтанаты болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әлем чемпионатының түйінін қойып, қорытындысын жариялау үшін Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Халықаралық шахмат федерациясының басшысы (FIDE) Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сахнаға көтерілді.

Аркадий Дворкович осы турнирде әлем чемпионы атанған қытайлық Дин Лижэнді марапаттар алдында ақтық сайысқа шыққан қос шахматшының иығына шапан жабылды.

«Сіздерді осындай игі шарада жолықтырғанымызға қуанып тұрмын. Шахматтан әлем чемпионаты еліміздің бас қаласы Астанада өткенін мақтан тұтамыз. Ақтық сында өте тартысты, қызық ойын көрдік. Әрине, оған дейінгі ойындар да аса тартысты болды. Біздің елде өткен чемпионат тарихи оқиғамен есте қалып жатыр. Өйткені жаңа чемпионның есімі белгілі болды. Дин Лижэнь мырзаны осы үлкен жетістігімен құттықтаймыз. Сондай-ақ, Ян мырзаға болашақта үлкен жеңістер тілеймін», - деді Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар, бүгін Халықаралық Шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасында алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы шартқа қол қойды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионат әлемде алғаш рет өткізілмек.

Ал оған кәнігі спортшы саналатын шахмат клубтары мен үйірмелердің тәрбиеленушілері емес, қарапайым оқушылар, яғни, әуесқой шахматшылар қатысады.

Астанада ересектер арасында өткен әлем чемпионатының ақтық ойынында қытайлық шахматшы Дин Лижэнь ресейлік Ян Непомнящийді жеңіп, 17-ші әлем чемпионы атанды.

Классикалық уақыт өлшеміндегі 14 партия 7:7 есебімен тең аяқталса, 4 блиц-партияның ақырғы айқасында қытайлық шахматшы Ресей шахматшысынан мықты екенін дәлелдеп берді.

Айта кету керек, Дин Лижэнь осы турнирге қатысудан бас тартқан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсеннің орнына жаңа чемпион болып тіркелді.

Астанадағы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 2 млн еуро болса, соның 55% Қытай шахматшысының қанжығасында кетті.