Асхат Аймағамбетов: Қазақстанда 15 ЖОО және 31 колледж жабылды

Асхат Аймағамбетов: Қазақстанда 15 ЖОО және 31 колледж жабылды
Сурет: Vlast.kz

Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылу сатысында тұр.

 Қазақстанда сапа стандарттарына сай келмеген оқу орындары жабылып, лицензиялары қайтарылып жатыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Сапаны қамтамасыз ету үшін бақылау екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру. Екіншісі – жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияға қосымшаларды қайтару», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылу сатысында тұр. Министрдің мәліметінше, 61 ЖОО-ның 500 бағыты бойынша лицензиялары және 375 колледждің 2200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды.

«Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Мысалы педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлерді даярлайтын нысандар 72-ден 61-ге дейін азайды», - деді Білім министрі.

Айта кетейік, келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді. 

Қазақстанда 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылды және бұрын болмаған 60-қа жуық мамандық ашылған. 

Сонымен бірге, елімізде 2 жылда маман әзірлейтін «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады.