Ашаршылыққа әділ баға берер кез келді

Ашаршылыққа әділ баға берер кез келді Сурет: Kustoagro.com

Қасірет пен қасиет.


31 мамыр - Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күнге орай сарапшылар өз ойларын ортаға салған еді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 


Атам - 1930 жылы дүниеге келіп, нағыз ашаршылық кезде балалық шағы өткен адам. Сол бір азапты күндердің ақиқатын атамнан артық  ешкім айтып бере алмайды. Зұлмат жылдардың картинасын еріксіз көз алдыңа елестетіп, баяндап беретін. Нанның қиқымы мен астың қадірін, суды үнемдеуді, ысырапшыл болмауды ұрпақтарының санасына құйып отыратын. «Алла аштық көрсетпесін!» Атамның жиі айтып жүретін бұл сөзінен жадымыздан өшіруге болмайтын тарихи қасірет екенін ұғатынмын. 


Иә, өткен ғасырдың басында Қазақстанды бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін алып полигонға айналдырғанына тарих куә. 


Кеңес тұсында статистика түгілі, ашаршылық туралы сөз қозғауға тыйым салынды. Статистиканың, адам санының әртүрлі болуы осыдан. 



Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Фатима Қозыбақова «Сол кездегі қасірет ауқымды болғаны сонша, біз оны нағыз қуғын-сүргін саясатының көрінісі деп айтуымыз керек», - дейді. 



Ұлт тарихындағы ең ауыр оқиғаның беймәлім тұстарын маманнан сұрап көрдік. 


Азапты кезеңнің тарихы әріде жатыр 


Елімізде қуғын-сүргін құрбандары әлі күнге дейін саяси тұрғыда толық ақталған жоқ. Өкінішке қарай, осы кезге дейін қайғы-қасіреттің түп-төркінін тек 1932-1933 жылғы ашаршылықпен және күштеп ұжымдастырумен ғана байланыстырып келдік. Ал оның негізгі алғышарттары кеңестік кезең өмір сүре бастаған кездің өзінде-ақ пайда бола бастады. Әсіресе, 1920–1930 жылдардағы қоғамдағы үрдістердің қалыптасуына идеологиялық экстремизмге негізделген большевиктік экономикалық саясат та қатты ықпал етті.  Бұдан қазақтар аштықтан ғана емес, жаппай жазалау салдарынан да көп қырғынға ұшырағанын көріп отырмыз. Осы қайғылы оқиғаның басы қазақ халқының дәстүрлі құрылымына алғашқы соққы берген 1928-1929 жылдары мал шаруашылығының мықты, тәжірибелі мамандары, ірі байларды тәркілеу ретінде басталды. Деректерде 696 ірі шаруашылық тәркіленіп, оның 619-ы өздері тұратын аймақтан тыс жерлерге, Сібірге, ит жеккенге жер аударылғаны жазылған. Осылайша қазақ байларының малын тәркілеу мал шаруашылығының күйреуіне әкелді, ең сорақысы малмен күн көріп отырған ауыл халқының жағдайын нашарлатты. Одан кейінгі 1929-1930 жылдардағы индустрияландыру, жаппай отырықшыландыру мен ұжымдастыру, 1934–1938 жылдары бұрынғы байлар мен кулактардың үрім-бұтағы мен жақын туыстарының қудалануы ауыл шаруашылығындағы жаппай қуғын-сүргінге, аштыққа әкелді. 


Халықты күштеу саясаты бұрын-соңды болып көрмеген демографиялық апатқа ұшыратты. 1937 жылғы Бүкілодақтық санақтың алғашқы мәліметтері бойынша, Қазақстандағы ауыл халқының саны 1930–1933 жылдардағы ашаршылықта 3 млн 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Бірақ әлі де болса Қытайға және басқа шетелдерге өтіп кеткен қазақтар және жер аударылғандар, жолда өлгендер, із-түзсіз жоғалып кеткендер, шекара асқанда қырылғандардың санын толық анықтау үшін зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. 


Басты себеп - ұжымдастыру мен жаппай отырықшыландыру болды 


Қайғылы қасіреттің, аштыққа әкелуінің басты себебі – халықтың тарихи, табиғи өмір сүру салтын ескермеуден  болғанын тарих өзі айқындап берді. 


Халыққа қарсы жасалған әрекет мал басының кемуіне алып келді. Ф.Голощекин бастаған большевиктердің жүргізіп отырған зорлық-зомбылығынан қазақ шаруалары ата қоныстарын тастап кете бастады.


 Екіншіден, кінәсіз шаруаларды «ұлтшыл», «бандит» деген жалған жалалармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Тоталитарлық жүйе біраз жыл бойы тарихымызды ашық айтуға тыйым салып келді. Жалпыхалықтық қасірет – ашаршылыққа әділ баға беретін кез келді деп санаймын. 


Аштықтан өлгендердің дені – қазақ шаруалары 


Осыны ескерсек, большевиктердің бұл саясатын ақтап алу қиын. Бұл саясаттан республиканың басқа ұлттары мен ұлыстары да зардап шекті.  Бірақ бұл коммунистік партияның көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына жасаған ең ауыр қылмысы болғаны анық. Оның дәлелі: Қазақстандағы ашаршылық салдарынан қырылған қазақтардың үлесі 49% болса, 11% украин халқы, 6% орыстар, 8% өзбек, 13% ұйғыр, 10% татарлар, 11% немістер, 12% мордва халықтары, 10% беларусьтар, 25% қырғыздар, 10% дүнгендер және 10%-ын басқа да ұлттар мен ұлыстар құрайды.  Деректердің үрей туғызатыны сөзсіз  және бұдан тек қазақтар ғана зардап шекпегенін анық көреміз. 


Қазақ халық шаруашылығы есептеу басқармасының статистикасында ауыл халқының санымен салыстырсақ, 1930–1933 жылдары 3 млн 559,8 мың адамға кеміген. Ал 1937 жылы қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянға жолданған мәліметте 1930 жылы халық саны 5873, 1931 жылы 5114, 1932 жылы 3227, 1933 жылы 2493,5 деп көрсетіледі. Осы бойынша ауыл халқы 3 млн 379,5 мың адамға кеміген. Қытайға, басқа да шет елдерге көшіп кеткен жалпы саны 1 млн 149 мыңнан астам  босқын туралы дерек те шындықтан алыс емес. 


Күштеу саясатының кесірінен қазақ ұлтының жартысына жуығы жаппай қырылып қалғаны адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болды. 


Әлі  де беймәлім тұстары жетерлік 


Бүтін бір халықтың орны толмас азалы тарихы туралы айтылар да,  жазылар да нәрсе көп. Ол тарихты ұмытуға хақымыз жоқ. Тек 1932 жылғы аштық деп айтуға дағдыландық, бірақ жоғарыда айтып кеткен нақты тарихи деректер халықтың 3 жыл бойы шығынға ұшырағанын айқын көрсетіп тұрған жоқ па? Ал босқыншылыққа ұшыраған халықтың қаншасы шекарада өлді, қаншасы жолда өлді? Әлі нақты мәліметтер жоқ. Батыс Сібір жерінде аш қазақтардың көрінген ағаштың түбінде өліп жатқанын  1932 жылы 18 наурызда Хабаровск ауданында жазылған мәлімдеме-хаттан байқауға болады.


Бұл тарихи деректердің растығына еш күмән жоқ. Белгілі қазақстандық ғалымдардың бірлесіп орындаған ғылыми-зерттеу жұмысы барысында және әлі де құпия  мұрағат-құжаттардағы деректерге сүйеніп осындай тұжырымға келдік. 


Халықтың мал-мүлкін жаппай күштеп тартып алу және ұжымдастыру кезеңіндегі қуғын-сүргіннің нәтижелері осындай болды. Ал егер бұл дерек-мәліметтердің әлі толық емес екенін ескерсек, бұл науқанның қаншалықты зиян келтіргенін пайымдай аламыз. Бүгінде Жаңа Қазақстанды дамытудың тағы бір бетбұрысында тұрғандықтан, біз тарихымыздың сол бір күрделі кезеңіндегі қателіктерді қайталамауға тырысуымыз қажет. Өйткені, тарихтағы келеңсіз қуғын-сүргін жағдайлары қайта орын алмауға тиіс.


 Дәл осыдан бір ғасыр бұрын басталған және одан бергі жылдары болған оқиға тұтас халықтың басына түскен ауыр қасірет екені сөзсіз. Сол азалы жылдардың жазықсыз құрбандарын анықтап, оған әділ баға беру ұрпақтың борышы болып қала бермек. Бұл ұлт жанында мәңгі сақталуға тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38