ҚАСҚЫРДЫҢ ЖЕРІК АЙЫ

Қазақы пайым

 Наурыздың  бүгін 4-ші жаңасы. Жем  іздеген қасқырлар қораға шабады. Адам өміріне де қауіп төндіреді… «Көп көже», «тілеу көже»  деген жанама аты бар «Әз Наурыз» амалы табалдырықтан аттағалы тұр…

Өткенде жасаған болжамымыз дәл келді, күн едәуір жылына бастады. Қалың қардың көбесі сөгіліп, сай-саланы қуалап ағып жатыр. Осы айдың онынан бастап жаңа амал – «Әз Наурыз» кіреді. Ол келгенде күн жылынып, қар еріген үстіне ери түседі. «Көп көже», «тілеу көже», «көк көже» деген бұл амалдың жанама аттары бар. Осы мезгілде малшылар қатты аяздың өткенін сүйіншілеп бір қыстаудан екіншісіне қыдырып баратын болған. Әз сөзінің жақсы, игі деген де мағынасы бар. Аяздың біткенін, жақсы күннің келгенін білдіру үшін әз атауын қойса керек.

Шығыс аймақтарының қазақтары жеті дәмнен құралған көже қайнатып, бірін-бірі шақырып, мәз-мейрам болады. Наурыз көжені «Наурыз мерекесін» күтпей-ақ, қазір қолданып жүрген күнтізбе бойынша 13 наурыздан бастай берген. Наурыздың 15-інен 16-сына қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. Сол 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептейдi. Аспан жұлдыздары ауысады.

Бұл амал туралы: «әз болмай, мәз болмас», «шаңқан келмей, бөз болмас», «шағала келмей, жаз болмас» деген қанатты сөздер сақталған. Әз келгенде кір жуып, тырнақ алуға болмайды. Әз дүркіреп өте шығады, әз кіргенде қой жайылмай, көкке қарап тұратын көрінеді. Жазғы тұрымғы сағымның әсерінен бүкіл табиғат тұнық болып, төңірек түгел тыныштыққа бөленеді екен. Наурызды бір ішек айы, сүрдің айы, қасқырдың жерік айы деп те атайды. Өйткені, жем іздеген қасқырлар қораға шабады. Адам өміріне қауіп төндіреді.      Алдағы аптада (4–10 наурыз аралығында) аздап қар қылаулап, оқтын-оқтын жаңбыр жаууы әбден мүмкін. Өткен жолы  айды көрдік. Бір ұшы ғана көтеріліп, шалқалап жатыр. Бұл шаруаға қолайсыз болатынын білдірсе керек. Бірақ, күн  өткен аптадағыдан да жылы болады. Еріген қар мен аққан қар суларының көлемі бұрынғыдан артады.

Бабалар айтады

Көктемде:

* Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.

* Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.

* Таң күңгірт тартып, күн манаурап көрінсе, жыл жауын-шашынды болады.

* Таң шапағы шашырап атса, ол жылы молшылық, береке орын алады.

* Таң өрттей қызарып атса, ол жылы жұт, апатты жағдайлар болуы мүмкін.

* Наурыз мерекесі күні қар жауса, ол жылы жақсылық көп болады.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *