Artsport: Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптар күшейтілмек

Artsport: Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптар күшейтілмек
Сурет: Tengrinews.kz

Интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр 

Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық балалар Артспорт бағдарламасы аясында спортпен және шығармашылықпен тегін айналысып жатыр. Алдағы уақытта көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттырып, балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіледі.
Қазіргі уақытта бағдарлама платформасын Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Кейбір балалар үйірмелер мен спорттық секцияларға бармаса да, қызмет көрсетушілердің құжаттарында тіркеліп тұрады, олар өз кезегінде әр бала үшін мемлекеттен ақша алып отыр. Әрі сапа мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Ол – ғимараттың санитарлық жағдайы, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау камералары, спорттық және басқа да қажетті жабдықтардың болуы. Мұның барлығы балалардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі үшін жасалады. Спорт түріне байланысты жаттығуды қай жастан бастап жасауға болатыны да нақтыланады», - деді Дәурен Абаев.

Айта кету керек, бағдарлама бойынша қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлер мен ата-аналар министрге талаптарды күшейтуге қатысты бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіріп, балалардың қолымен жасалған бұйымдарды сыйлық ретінде табыс етті.
Сондай-ақ Қонаев қаласында өткен халықпен кездесу барысында еңбекақыны көтеру, туризм саласында кадрлар даярлау, спорттық разрядтар беру және т. б. мәселелер талқыланды.