Алматыда арт-терапевт суретшінің көрмесі өтуде

Алматыда арт-терапевт суретшінің көрмесі өтуде
almaty-akshamy.kz

Алматыда суретші Роза Бексұлтанованың «Шығыс палитрасы» көрмесі өтуде

Роза Бексұлтанова өзін балаларға риясыз сурет салуды үйрететін арт-терапевт суретшісі деп таныстырды. Ол Almaty Gallery көркемсурет галереясында өзінің алғашқы көрмесін ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жас қылқалам шебері мамандығы бойынша костюм суретшісі болғанымен, ұстаздық жолды таңдаған. Алғашында балабақшада сабақ беріп, кейін жұбайымен бірге студия ашқан.

«Мен арт-терапия саласында 9 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Студия ашқаныма жеті жыл толды. Бұл - менің алғашқы жеке көрмем. Мұнда ұсынылған картиналар көп емес, алайда әрқайсысы мән-мағынаға толы дүние. Танымал картиналардың ұлттық нақышта жандануы десем де болады. Суреттердің көбісінде әлеуметтік мәселелер көтерілген және оны әр адам әрқалай түсінеді. Мен танымал, елдің назарында жүрген картиналарды өзгерту арқылы қоғамның түйткілді мәселелерін көрсеткім келді», - деді Роза Бексұлтанова.

Суретші өзінің алғашқы жеке көрмесінде Матисс, Климт, Пикассо, Боттичелли, Ван Гог картиналарын қайта тірілтіп, оларға қазақи дем берген.

Көрменің басты картинасы – Матисстің «Би» картинасы негізінде салынған «Басты мамандықтар» суреті. Онда ақша ұсынып отырған баланы айнала оның жақындары: анасы мен әкесі, ақ халатты абзал жан, полиция қызметкері, ұстазы бейнеленген. Яғни баланың өсіп-өнуін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек жандар. Алайда біздің қоғамның қазіргі ащы шындығы – ақшасыз қарапайым қажеттіліктерді алудың өзі қиын. Мұның барлығы - суретшінің жеке жанайқайы.

«Бұл картинаны жазарда мені үрей басқаны рас. Алайда жұбайым мен ұйымдастырушылардың арқасында картина бүгінгі көрменің төрінде тұр. Пикассоның «Ұйқы» картинасы желісінде салынған суретті «Өміріңді ертеңге қалдырма» деп атадым. Мен үшін бұл сөз тіркесі – бүгінгі көрменің ұраны. Егер өміріңізді өзгерткіңіз келсе, қорықпаңыз, бүгіннен бастаңыз, кейін бәрі кеш, ойлағаныңыз еш кетуі мүмкін», - деп түсіндірді автор.

Жас суретші үшін қазақша ою-өрнектері бар көрпеше жайылған орындық бейнеленген «Сенің жолың» атты картина бәрінен ыстық екен. Себебі суретші өзінің кім екенін жанға жылылық сыйлайтын осы сурет арқылы түсінген.

«Суретшілердің көбі өнер жолымен жүруден қорқады, мен осы кескіндеме бойынша жұмысымды аяқтағаннан кейін суретші болу нақты мақсатым екенін түсіндім. Іштей бір өзімді енді нағыз суретшімін деп айта аламын деген ойға келдім. Мен сурет салу кезінде акрил мен майлы бояуды қолданамын. Менің стилім – жарқыраған түстер мен бояулар, қалыптасқан стандарттан ауытқу. Мені этника шабыттандырады, ұлттық тақырыпты өте жақсы көремін», - деп қорытындылады суретші Роза Бексұлтанова.

Роза Бексұлтанованың «Шығыс палитрасы» көрмесі Almaty Gallery-де 18 сәуірге дейін жалғасады.