«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да апатты жағдайдан төрт адам қаза тапты

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да апатты жағдайдан төрт адам қаза тапты
Cурет: Ашық дереккөз

Пеш күмбезі құлады

Қарағанды облысының әкімдігі өндіріс орындағы қайғылы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әкімдік таратқан мәліметте 2022 жылғы 10 маусымда «Құрылысмет» ЖШС аумағында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметкерлерімен жазатайым оқиға орын алғаны айтылады.

«Отқа төзімді кірпіш қалауын бөлшектеу кезінде ұста-пресс цехының № 9 жұмыс істемейтін термиялық пешінде төбе құлады. Пеш күмбезінің құлауы нәтижесінде (көлемі 5х5х10 М) үйінділердің астында бес адам қалды. Олардың төртеуі қайтыс болды, біреуі 1994 жылы туған ер адам ауруханаға жеткізілді»,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары (27 адам және 7 бірлік техника) және "Серіктес Өрт Сөндіруші" ЖШС қызметкерлері (10 адам және 2 бірлік техника) үйінділерді аршуда.

Оқиға орнында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ТЖД және өнеркәсіптік қауіпсіздік басшылары бар.

ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкімімен комиссия құрылады және жазатайым оқиғаға арнайы тексеру жүргізіледі. Нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады.