Армия халықаралық ойындары конкурсына алғаш рет әскери музыканттар қатысады

Армия халықаралық ойындары конкурсына алғаш рет әскери музыканттар қатысады
Сурет:Gov.kz

Қазақстанның Қарулы Күштері Армия халықаралық ойындарының «Әскер мәдениеті» атты конкурсына дайындалуда.

Оған кәсіби әншілер, әскери-тарихи мұражайлардың шығармашылық ұжымдары мен қызметкерлері қатысады, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қатысушылар конкурста төрт аталым бойынша жарысатын болады. Атап өтсек, вокал, хореографиялық шеберлік, аспаптық жанр мен көрме қызметі.

– Конкурсқа қатысушылар патриоттық әндерді, мемлекеттік және орыс тілдерінде, әлемдік классикалық шығармаларды орындайды. Шығармашылық байқауға Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әйгілі әртістері дайындалуда. Олардың барлығы – халықаралық байқаулардың лауреаттары, мемлекеттік марапаттардың иегерлері, – деді ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің бастығы, аға лейтенант Қасым Айтбаев.

«Әскер мәдениеті» конкурсы 2016 жылы бекітіліп, Армия халықаралық ойындарының ілеспе жобасы болған. Биыл шығармашылық ұжымдар жарысы алғаш рет АрХО-2021 бағдарламасына енгізілді және оның қорытындылары қатысушы-мемлекеттің жалпы рейтингіне әсер ететін болады.

Жарыс әскери қызметшілерге әлем халықтарының түрлі вокалдық және хореографиялық шығармашылығын таныстыру ғана емес, таланттарды көрсетуге, Қазақстан мәдениетінің ұлттық бейнесін көрермендерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, ел Қарулы Күштерінің командалары биыл Армия халықаралық ойындарында 11 конкурсқа қатысатын болады.