Армения мен Әзірбайжан дипломаттары АҚШ-та кездесу өткізді

Армения мен Әзірбайжан дипломаттары АҚШ-та кездесу өткізді
Сурет: facebook.com/MFAAzerbaijan

Таулы Қарабақ аймағындағы қақтығыстың шиеленісуінен кейінгі алғашқы кездесу 

Мемлекеттік хатшы Армения мен Әзірбайжан сыртқы істер министрлерімен үшжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жарияланған мәліметте АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Армения және Әзірбайжан сыртқы істер министрлері Арарат Мирзоян және Джейхун Байрамовпен кездесуі Таулы Қарабақ аймағындағы қақтығыстың шиеленісуінен кейінгі алғашқы кездесу болғаны айтылған.

АҚШ сыртқы саяси ведомствосы мәлімдемесінде Мирзоян және Байрамовпен кездесу кезінде Блинкен қақтығыс кезінде адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтқаны және одан әрі соғыс қимылдарының алдын алу қажет екенін айтқаны көрсетілген.

"Премьер-министр Пашинянмен және Президент Әлиевпен соңғы рет сөйлескенімде, екі басшы да маған бейбітшілікке дайын екенін айтты. Армения мен Әзірбайжан арасындағы келіспеушіліктердің әскери шешімі жоқ. Бірақ, менің ойымша, келіспеушіліктерді дипломатия арқылы шешетін тұрақты бейбітшілікке апаратын жол бар. Құрама Штаттар бұл күш-жігерді қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын", - деді Блинкен.

Еске салайық, Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс 13 қыркүйекке қараған түні тағы да ушыға түсті. Армения қорғаныс министрлігі мәліметінше, Әзірбайжан шекарадағы елді мекендер бағытында оқ жаудырған. Баку болса, Ереванды шекарада ауқымды арандатушылық жасады деп айыптады.