АрХО-2022: Қазақстан мергендері мен артиллеристері көш басында

АрХО-2022: Қазақстан мергендері мен артиллеристері көш басында
Сурет: Дереккөз

Бірнеше елден қатысып жатыр

Халықаралық Армия ойындары шеңберіндегі жарыстар қарқын алды. Полигондарда әлемнің түрлі елдерінен жиналған әскери қызметшілер шеберлігін көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтіп жатқан «Тактикалық мерген» байқауының бірінші кезеңінде қазақстандық атқыштар сәтті өнер көрсетті. «Біліктілік», «Жаралыларды эвакуациялау» және «Қорғаныс» жаттығуларында еліміздің әскери қызметшілері Өзбекстан мен Қытай командаларын артта қалдырды. Жеке есепте қазақстандық жауынгерлерге тең келер ешкім болмады десе болады. Майор Арман Якубов үздік атанса, екінші орынды лейтенант Руслан Молдабаев, үшінші орынды капитан Дәулет Құлмаханов иеленді.
Жамбыл облысының «Гвардейск» полигонында өтіп жатқан «Артиллериядан оқ ату шеберлері» минаатқыш есептоптарының жарысында қазақстандық команда айқын жеңіске жетті. Бірінші кезеңнің жеке жарысында біздің артиллеристер барлық тапсырмаларды сәтті орындап шықты. Көрсеткіш уақыты – 15 минут 53 секунд. Екінші орындағы ресейлік әскери қызметшілердің нәтижесі – 18 минут 17 секунд. Үшінші орынды иеленген Беларусь миноаатқыштарының нәтижесі – 22 минут 16 секунд. Түнгі спринтте де 10 минут 33 секунд нәтижесімен Қазақстан үздік атанды. Мәреге екінші болып 14 минут 15 секундпен Әзербайжанның әскери қызметшілері келді. Ресейден келген артиллеристердің көрсеткіші – 16 минут 01 секунд.