Қарияларға керегі көңіл ғана

Рая ЕСКЕНДІР
Биылғы жылды шаһар басшысы қаламыздағы қазыналы қарияларды қолдау жылы деп жариялағаны белгілі. Саналы өмірін жас ұрпақты тәрбиелеу мен еліміздің экономикасын дамытуға арнаған қадірменді қарияларымыз мұндай құрметке әбден лайықты. Оның үстіне балалығын соғыс ұрлаған ардагерлердің де қатары сиреп қалғаны жасырын емес. Сондықтан қашанда берекелі істің бастауы болатын Алматы ақсақалдарын ардақтап, қарияларын құрметтеуді бастап та кеткен еді.
Сондай бір тамаша кеш қаламыздағы «МирШын» мейрамханасында өтіп, мерекеге Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарының қариялары шақырылды. «Адам өмірге келгенде бір бала, қартайғанда бір бала» деген сөздің мәніне енді-енді бойлағандаймыз. Өздерін құрметтеп шақырғанға үлкен кісілер ризашылықпен, баладай қуанып, қауқылдасып қалды. Қаланың әр түкпірінде тұрып жатқандықтан бір-бірін тани бермесі анық. Қариялар осынау сәтті құр жібермей танысып, білісіп, жөн сұрасып жатты. Мейрамхананың екінші қабатына көтерілген қариялар ақ дастархан басына отырып, дәмнен алып, концерттік бағдарламаға ден қойды.
Алғашқы құттықтауды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мамсұров алып, шаһардағы жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі. Осынау игілікті істің бастауы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанып отырған саясаты екендігіне тоқталды. Келесі кезекте «қазақтың сандуғаш үнді Сауығы» атанған еңбек ардагері Сауық Жақанова барша қала қарияларына деген құрметін жеткізді.
– Мен баршаңызды Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Өйткені, менің әкем де қан майданға барып, бір қолынан айырылып келген еді. Ұлы Жеңісті тойлап, соғыс бітіп, сауық-сайран басталған 1945 жылы дүниеге келген екенмін. Сондықтан маған Сауық деген ат берген еді. Әрбір Жеңіс күні менің де өмірімдегі ерекше күн, – деді.
Осылайша қариялар өздерінің Сауықтың үнін сағынып қалғандарын айтып, ізіңді басар шәкірттерің көп болсын десіп жатты. Алматы қаласы әкімінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жаннат Мұрынова қазынаға айналған қариялардың бір сәттегі қуанышының өзі жан жадырататынын айтып, бүкіл өмірлерін еңбекке арнаған жандарға қандай құрметтің де жарасымдылығын әңгімеледі.
– Осы орайда мен ата мен ананың тәрбиесін көрген, үлкенді құрмет тұта білетін Қуаныш пен Жұпар Құрмашевтар туралы айтқым келіп тұр. Аталары соғысқа аттанып, Отанын қорғаса, міне бүгін ұрпақтары «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанып, сіздерге осындай құрмет көрсетіп жатыр, – деді Жаннат Шарапханқызы.
Мерекелі кештің көркін Медеу ауданының ардагерлерінен құралған хор ұжымы «Зейнеткерлер» деген әнмен кіргізді. Қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұжымы да бұл күні өз өнерлерін ортаға салды. Өнерпаздар Базарбек Қабыл, Жансая Өтелгенова, Әлия Қадыр әсем әннен шашу шақты. Мереке соңында кәсіпкерлер Қуаныш пен Жұпар сөз сөйлеп, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қарияларды құр қайтармай бір-бір дорба азық-түлік сыйға тартты.
Қала өміріндегі барлық іс-шараларға белсене атсалысып отырған «Қоғамдық келісім» мен қайырымды кәсіпкерлер бірлесе отырып 86 ардагердің үйіне азық-түлік жеткізіп берді.