Арыс пен Байзақтағы жарылыстардың салдарын жою жұмыстары жалғасады

Арыс пен Байзақтағы жарылыстардың салдарын жою жұмыстары жалғасады
Cурет: Қорғаныс министрлігі

Жойылатын оқ-дәрі қалдықтары арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі

Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бөлімшелері биылғы жылдың 28 наурызынан бастап Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларында орын алған оқиғалардың салдарын жою жұмыстарына кіріседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аталған шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіледі.

«Арыс қаласында жару жолымен жойылатын оқ-дәрі қалдықтары қоймалардың техникалық аумағынан арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі. Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында оқ-дәрі қалдықтарын жоюға арналған орын жабдықталған. Ал қалған бөлігі арнайы полигондарға шығарылып, жойылады», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Жалпы осы жұмыстарға 650-ден астам әскери маман тартылады. Жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр.
Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларында орын алған оқиғалардың салдарын жою жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін жалғасады.