Аралды сексеуіл сақтай ма?

2025 жылға дейін Аралдың 1,1 млн гектар аумағына сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланған.
Экологиялық ахуалды жақсарту үшін Арал теңізінің құрғап қалған табанында фитоорманмелиоративтік жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұл жайында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты. Биыл 188,8 мың гектар алқапқа 409,4 млн түп ағаш отырғызу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы - 30,5 млн гектар, оның ішінде орман жапқан аумақ - 13,6 млн гектар. Мемлекет басшысының орман қоры жерлерінде 2 млрд түп ағаш отырғызу тапсырмасын орындау мақсатында әр өңірде орманды молықтыру және ағаш өсіру кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Айталық, 2021 жылы - 130 млн түп, 2022 жылы - 282 млн түп ағаш отырғызылып, жылдық жоспар 100 пайыз орындалды. Биыл 188,8 мың гектар алқапқа 409,4 млн түп ағаш отырғызу жоспарланған», - деп атап өтті Үкімет басшысының бірінші орынбасары өз жауабында.
Оның айтуынша, орман қорын толықтыру жөніндегі іс-шараларды жоспарлы жүзеге асыру 2029 жылға қарай орман жапқан жер аумағын 14,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.