Арал өңірінде күн электр станциясы салынбақ

Арал өңірінде күн электр станциясы салынбақ
Сурет: Rbc.ru

Жобаны Арал ауданында орналастыру жоспарланып отыр.

2024 жылы Арал өңірінде күн электр станциясы іске қосылмақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz inbusiness.kz сілтеме жасап.

Осы жылдың 10 қарашасында қуаттылығы 20 Мвт күн электр станциясы жобасын іріктеу бойынша өткен аукцион қорытындысында отандық "Тесис" ЖШС компаниясы жеңімпаз деп танылды.

Жобаны Арал ауданында орналастыру жоспарланып отыр. Күн электр станциясы үшін 50 га аумақ бөлінбек. Келісімшарт бойынша жоба 2024 жылы іске қосылады.

"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ өңірлік директоры Мұрат Балабаевтың айтуынша, күн электр станциясының құрылысы өңірге инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, электр энергиясы тапшылығының бір бөлігін жабуға, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын CO2 шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында қуаты 89 Мвт-ты құрайтын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді.

"Осы жылдың 9 айында жаңартылатын энергия көздері объектілерімен өндірілген электр энергиясының көлемі 3,9 млрд кВт-сағатты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артты. ЖЭК-тің үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергияның 4,6%-ы тиесілі", - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кету керек, республикада жиынтық қуаты 2388 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны бар.