Анық бағыт, айқын жоспар

Қазақстан Президентінің бұдан бұрынғы барлық бастамалары халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған және уақыт сұранысына жауап беретін шынайы бағдарламалар болатын. Елбасының бұл жолғы «Бес әлеуметтік бастамасы» еліміздің экономикалық әлеуетінің қуатты көрсеткішке ие екендігін көрсетіп отыр. Ұлт көшбасшысы бұдан бұрынғы бір сөзінде қоғамның санасын өзгерту арқылы рухани бай, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға жол ашылғанын, қазіргі таңда жүйелі жаңғыру бүкіл ел жұмыстарының басты қазығына айналғанын айта келіп, бір-біріне сабақтас үш жаңғыруды – экономикалық, саяси, рухани жаңғыруға ел болып батыл кірісіп отырғанын атап өткен болатын. Бұл Үндеу – елімізді әлеуметтік жағынан сапалы жаңғырту жолындағы батыл тарихи қадам болып отыр.
Экономикалық, саяси жаңғырумен бірге, бүгінгі жаһандану үдерісі өте күшті және жедел өтіп жатқан дәуірде әлеуметтік жаңғырудың тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор. Әлеуметтік жаңғыру дамыған өзге елдермен тең дәрежелі қарым-қатынас жасаумен және қолда барды ұқсату арқылы орындалмақ. Бұл – анық бағытты, айқын жоспарды талап ететін ұзақ мерзімді ауқымды жұмыс. Ол үшін елімізде барлық алғышарттар жасалған.
Халық Елбасы бастамасын қызу қолдап отыр. Бағдарлы жоспар іс жүзінде барша қазақстандықтарды қамтып, олардың жан-жақты бақуаттана түсуіне жол ашуда.
Халқымыздың 42 пайызға жуығы әлі де ауылдық жерлерде тұрады. Ал бұл өз кезегінде олардың аграрлық секторларда еңбек ететіндігін көрсетеді. Президент Үндеуінде сол халықты әлеуметтік тұрғыда қолдауда ерекше қамқорлықтар жасалынбақ. Несие беру, 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуы еңбек адамына жасалатын үлкен күш болмақ. Бұлардың бәрі жалпыға Бірдей Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам бағдарламасын толықтыратын болады. Бұл бастамалардың бәрі әлеуметтік мемлекет және ұлттық әл-ауқаттың қазақстандық үлгісін қалыптастыру аясындағы маңызды қадам болып табылады.
Әділ ӘБДІЛДАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі.