«Аңсаған сәбидің» арқасында 1 мыңнан астам сәби дүниеге келген

«Аңсаған сәбидің» арқасында 1 мыңнан астам сәби дүниеге келген
Сурет: Kp.ru

Республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Бұл жайында Шымкенттегі бедеулік проблемаларына арналған халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, елімізде жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде ЭКҰ бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыру маңызды рөл атқарды.

2010 жылдан бері 9 мыңға жуық бағдарлама өткізілді, 3 мыңнан астам бала дүниеге келген.

«Балалардың болмауына байланысты неке бұзылатын жағдайлар туындайды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкіметке ЭКҰ-ға квотаны 7 есе ұлғайта отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның аясында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, 1 мыңнан астам бала дүниеге келді», - деп атап өтті Ажар Ғиният.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ажар Ғиният бедеулікті емдеп қана қоймай, себептерімен күресу қажеттігін айтқан болатын.