«Аңсаған сәби»

«Аңсаған сәби»
news.liga.net

талай отбасын бақытқа бөледі

«Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке орай, 
Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 
20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Үкіметке 2021 жылдан бастап 
«Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру 
бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қазақ – балажан халық. Сондықтан  «Балалы үй – базар» дейді. Иә, шаңырақ  көтерген жас жұбайлардың бақытын,  шаттығын үстей түсетін де сәби. Өкінішке  қарай, бас құраған барлық ерлі-зайыптыға  бірдей бала сүю бақыты бұйыра бермейтіні  рас.
Президент тапсырмасын сол кезде-ақ жедел қолға алған  Үкімет 2021 жылы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ)  бөлінетін квота санын 7 есе көбейтіп, сол мақсатта республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген  болатын.

ЭКҰ – өте қымбат бағдарлама. Құны миллион теңгеден  асады, сол себепті көптің қалтасы көтере бермейді. Президент  «Аңсаған сәби» бағдарламасын осыны ескеріп, бір шаранаға  зар болып жүрген ерлі-зайыптыларға қолжетімді болсын деп  енгізді.

ЭКҰ процедурасы елімізде 2010 жылдан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. 
Соған сәйкес, ЭКҰ-ға жылына 900–1000-дай ғана квота  бөлініп келген болса, Мемлекет басшысының тапсырмасынан  кейін «Аңсаған сәби» аясында квота саны бірден 7 мыңға  көтерілді. Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, ЭКҰ көмегіне  жүгінгендердің 45%-ы жүкті болып, өмірге дені сау сәби әкеліп жатыр.

Дегенмен де, бүгінде елімізде «бедеулік»  диагнозы қойылған 10 мыңнан астам әйел есепте тұр. 
Иә, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бедеулік диагнозы  қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да,  жеке адамдар да қатыса алады. Тек Қазақстанның азаматы болуы тиіс және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген  медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Квота бала  көтеруге кедергі келтіретін созылмалы аурумен ауыратын жандарға берілмейді. 

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ-ға жолдама  алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару  міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті  комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, ем-шараға дайындық басталады. Пациент ЭКҰ клиникасын өзі  таңдайды. «Аңсаған сәби» бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады. Талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда, қайтадан кезекке  тұра аласыз.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін экстракорпоральды  ұрықтандыру әдісімен елімізде 25 мыңға жуық бала дүниеге  келген. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде 26 ЭКҰ-орталық жұмыс істейді, олардың 21-і – жекеменшік.
Өмір болған соң түрлі тағдыр иелерімен кездесеміз, сөйлесеміз. Сонда байқағанымыздай, бала сүйсем деген арманмен банктен несие алып, ел-жұрттан қарызға ақша жинап, көлігін, тіпті баспанасын да сатып, ақылы ЭКҰ қызметіне бірнеше мәрте жүгінгендер бар. Өкінішке орай,  көбінің қыруар қаржы жұмсап жасаған сол талпыныстары сәтсіз аяқталып жатады. Арада тоғыз-он жыл бала болмағасын, ажырасып тынатын жандар да аз емес. Ал шынайы сезім мен темірдей төзімнің арқасында ЭКҰ арқылы бала сүйген.

Мұқашевтар отбасында бүгінде Арман есімді балақай әкесі мен анасын, ата-әжесін бақытқа бөлеп, өсіп келе жатыр. Бұл отбасы туралы сол жылы бүкіл БАҚ сүйіншілеп жазды да. Себебі, олар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ең бірінші сәбилі болған ерлі-зайыпты еді.

Отау құрғанына 9 жылға таяған Қуандық Мұқашев пен Дана Өмірбекованың (Алматы облысының тұрғындары) балалы болсақ деген армандарын жүректеріне түйіп алып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Ем-домның барлық түрін қабылдап көргенмен, нәтиже болмаған. Сөйтіп жүргенде, Дана «Аңсаған сәби» бағдарламасына ілігіп, кезекке тұрады. Ақпан айында ЭКҰ жасалып, екі аптадан кейін қуанышты жаңалық естиді. Айтуынша, жүктілік кезеңі де жақсы өткен. Табиғи түрде, ешқандай ауырсынусыз, жүрегінің астына, құрсағына біткен шаранасын тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп жүріп, аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алады. Қаншама жыл армандап жеткен бөбекке ата-әжесі азан шақырып, Арман деп ат қойды. Аман болсын балақай! Көбей, қазақ!