Анкарада ұлт ұстазы ұлықталды

Анкарада ұлт ұстазы ұлықталды
Cурет: Ашық дереккөз

Түркияда Байтұрсынтану деңгейі мен оны дамыту бойынша ұсыныстар жасалды

Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ұстазы. Оның еңбегі туыстас халықтардың ұлттық болмысын оятты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Түркиялық ғалымдардың пікірі осындай. Осы орайда Анкарада «Ғасыр ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты дөңгелек үстел өтті. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастырған жиын Алаш көшбасшысының 150 жылдығына орайластырылған. Жиынға түріктің қоғам қайраткерлері, көрнекті өкілдері мен Анкарадағы университеттерде білім алушы отандастарымыз қатысты. Іс-шара барысында ұлт ұстазының ғұмыры мен еңбектері жайлы баяндамалар оқылды. Түркияда Байтұрсынтану деңгейі мен оны дамыту бойынша ұсыныстар жасалды. 

«Түркиямен де Қазақ газетін шығарғанда байланыстары болған. Ол таңқалдыратын дүние. Қазақ газетінің 1914 жылғы январында шыққан нөмірінде Қызылордадан пәленбай абонимент, Алматы пәленше абонентіміз бар, Түркиядан 13 абонименті болған қазақ газетін. 1913 жылы шыққан газет, сол уақытта Ыстамбұлда 13 абоненті болған. Түркиялық зиялы қауым, Ахмет Байтұрсынұлының жұмыстарын құрметтейді және хабардар болған»,-дейді Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлұ.

«20 ғасырда түркі әлемінде өзінің идентификациясын сақтап қалу үшін түркі әлемінің көптеген жерінде осындай әрекеттер көреміз. Солардың бірі Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысының ішінде Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Ол тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне танымал тұлға. Оның жазған өлеңдері, еңбектері , мақалалары, қазақ газетін шығаруы, қазақ газетіндегі редакторлық еңбегі, сондай-ақ жолдастарымен жазған еңбектері сол кездегі қазақ қоғамының ғана мәселесі емес, барлық түркі әлемінде сондай ортақ мәселелерді көреміз»,-деді Хажы Байрам университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғали Эржиласун.