Аңыз және ақиқат

Аңыз және ақиқат
bitcoinist.com

Қоғамда әркімнің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды!

Тәжтажалдың бірнеше толқынын ел болып ауыздықтап, қалыпты өмірге оралудың алғышарттары енді жасала бастаған тұста, биыл жыл басында елімізде орын алған «Қаңтар қасіреті» бұл жағдайды қайта ушықтырып жібергені рас. Лаңкестер мен содырлардың бүлігін басып, енді ес жия бастаған еліміз қайта шапқан коронавирустың «омикрон» штамының құрсауында қалғаны өмір шындығы. Қазір киелі Түркістаннан басқа ел өңірлері қайта «қызыл» аймақта тұр. Сондықтан адамзат үшін бұл қатерлі індетпен күрес жаһандық күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала бермек. Өйткені, жалған өмірде адамды ақиқат заңдылығынан адастырар фейктер де жетерлік.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлемде COVID-2019 пандемиясы пайда болғалы және КВИ-ге қарсы вакциналар шығарыла бастағалы бері қоғамда түрлі алыпқашпа әңгімелер көбейіп, ғаламторды, әлеуметтік желілерді жалған ақпараттар «кезіп» кеткені белгілі. Қоғамда вакциналау төңірегінде әрқилы әңгімелер тарап жүргені жасырын емес. Қазақстанда да індеттің алғашқы дерегі тіркелгеннен бастап, күні бүгінге дейін адамдарды ақиқаттан адастыратын, «ұзынқұлақтан» тараған небір аңыздар өріп жүр. Мұндайда мамандар қандай да бір ақпаратқа сенбес бұрын, білікті ғалымдардың тұжырымдамасын зерделеп алу қажеттігін айтады. Өкінішке орай, індетке қарсы вакциналар жайлы айтылып жүрген небір ақылға сыйымсыз «мифтердің» еш негізсіз екенін сала мамандары медициналық, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, түсіндіріп бергенімен, ел іші әлі де сол фейкшілдердің жетегінде жүргендей. Адамдар маман дәрігерлердің тұжырымына ден қойғанмен, жадыларына сіңіп қалған, сенімге селкеу түсіретін аңыз «желсөздерден» әлі де арыла алмай келеді.

Жалпы, жалған ақпараттар қайдан шығады? Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары өз парақшаларына «лайк» жинау үшін немесе танымалдылығын арттыру мақсатында адамдарды елең еткізер тақырыптарда түрлі фейктер шығарып, таратуға құмар. «АҚШАМ-АҚПАРАТ» қоғамда індетпен күреске қатысты жиі талқыланып, айтылып жүрген фейк және факт ақпараттарға тағы бір шолу жасап көрді. Сонымен...

  • ФЕЙК: «Медициналық бетперделерді ұзақ уақыт тағу көмірқышқыл газымен улануға және оттегі жетіспеушілігіне әкеп соқтырады».

ФАКТ: Медициналық бетперделерді ұзақ уақыт тағу көмірқышқыл газымен улануға және оттегі жетіспеушілігіне әкеп соқтырмайды. Бетперде өлшемінің сай келуін және бетке мықтап жанасып, қалыпты тыныс алуға мүмкіндік беретінін қадағалау қажет. Бірреттік бетперделерді қайтадан қолданбаған жөн және олар дымқылданған кезде бірден ауыстыру қажет.

  • ФЕЙК: «Вакцина адам денсаулығына кері әсер етеді».

ФАКТ: Литвалық вирусолог Саулиус Каплинкас адамдардың басым көпшілігі жұқпалы ауруға қарсы ұжымдық иммунитетке ие болса, аурудың таралуы тоқтайды деп отыр. Иммундық жүйе ағзаның генетикалық құрамының тұрақтылығы үшін күреседі. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптас­ тырудың негізгі жолы вакцина екендігін айтады.

«Коронавирусқа қарсы иммунитеттің пайда болу принципі басқа вирустармен бірдей. Сондықтан ағзаға егілген вакцинаның жалғыз ғана атқаратын жұмысы бар. Ол – сырттан төнген жұқпалы дертке төтеп беру. Вакцина құрамы аденавирус және коронавирустың ақуызынан тұрады. Оның адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін емес», – дейді вирусолог Саулиус Каплинкас.

  • ФЕЙК: «Хлорлы әктің немесе басқа дезинфектанттардың буларын деммен ішке тарту немесе оларды ағзаға енгізу COVID-19-дан қорғайды».

ФАКТ: Хлорлы әктің немесе басқа дезинфектанттардың буларын деммен ішке тарту немесе оларды ағзаға енгізу COVID19-дан қорғамайды және қауіпті болуы мүмкін. Ешбір жағдайда хлорлы әктің немесе басқа дезинфекциялау құралдарының буларын деммен ішке тартуға да, оларды ағзаға өзге жолмен енгізуге де болмайды. Бұл заттар ішке қабылдау кезінде уландыруы мүмкін. Сондай-ақ, тері мен көздерді тітіркендіріп, зақымдайды. Дезинфекциялаушы құралдарды беттерді дезинфекциялау үшін ғана сақтықпен қолдану қажет.

  • ФЕЙК: «Вакциналау бедеулікке алып келеді».

ФАКТ: Қазақстандағы репродуктологияның негізін қалаушы Салтанат Байқошқарованың тұжырымдауынша, бұл да жалған ақпарат. Вакциналау ер адамның да, әйел адамның да бедеулігіне алып келмейді. Керісінше, жүктіліктің алдында қабылданған вакциналау оның қиындықсыз өтуіне септігін тигізеді.

  • ФЕЙК: «Көжеге немесе басқа тағамдарға бұрыш қосу коронавирустан қорғайды».

ФАКТ: Көжеге немесе басқа тағамдарға бұрыш қосу коронавирустан қорғамайды және емдемейді. Тағамдағы кішігірім бұрыштың артықшылықтары өте көп екені сөзсіз, бірақ ол COVID-19-дан қорғамайды, алдын алмайды және одан емдемейді.

  • ФЕЙК: «Ағзаға күннің немесе 25 градустан жоғары температураның әсер етуі коронавирустың алдын алады».

ФАКТ: COVID-19 вирусын ауа райының қаншалықты күншуақты немесе ыстық екеніне қарамастан жұқтырып алуға болады. Ыстық климатты елдерде де коронавирус жұқтыру жағдайлары хабарлануда.

Мемлекет қатерлі індетпен күресте өзіне қатысты міндеттемелерін толық орындап отыр. Алматы қаласының әкімдігі індетпен күрес үшін дәрі-дәрмектің, құрал-жабдықтың, медициналық көмек пен төсек-орынның, вакциналардың қажетті көлемін қамтамасыз етіп, қосымша қорын да жасақтады. Індетпен күрес жолында атқарылған жұмыстар, «қызыл» деңгейден «жасыл» аймаққа өту, қалыпты өмірге оралу үшін ұйымдастырылған қыруар шаралар өз алдына бір төбе...

  • ФЕЙК: «Коронавирус 5G мобильді желілері арқылы таралады».

ФАКТ: 5G мобильді желілері COVID-19-дың таралуына себепкер болмайды. Вирустар радиосигналдармен немесе мобильді байланыс толқындарымен таралмайды. COVID-19 індеті 5G желілері қолданылмайтын көптеген елдерде де таралған. COVID-19 ауа-тамшы жолымен таралады, яғни сау адамның тыныс алу жолдарына науқастың, мәселен, жөтелуі, түшкіруі немесе сөйлесуі кезінде оның тыныс алу жолдарынан бөлінетін тамшылар түскен кезде беріледі. Сондай-ақ, оны вирус жұқтырылған бетке жанасу, содан кейін көздеріңізді, аузыңызды немесе мұрныңызды ұстау арқылы да жұқтырып алуыңыз мүмкін. 5G желілері мен COVID-19 байланысы ДДСҰ сайтында да жоққа шығарылған болатын. «Вирустар радиосигналдармен немесе ұялы байланыс толқындарымен таралмайды. COVID-19 індеті 5G желілері тартылмаған көптеген елдерде таралуда», – делінген ұйымның ресми интернетпорталында.

  • ФЕЙК: «Алкоголь COVID-19 вирусынан қорғайды».

ФАКТ: Алкоголь ішу COVID-19 вирусынан қорғамайды және қайта қауіпті болуы мүмкін. Алкогольді жиі және шамадан тыс тұтыну денсаулыққа байланысты проблеманың туындау қаупін арттырады.

  • ФЕЙК: «Темекі шегуші адамдардың коронавирусты жұқтыру ықтималдығы төмен».

ФАКТ: Темекі шегу – көптеген респираторлық инфекциялардың белгілі қауіп факторы және ре спираторлық аурулардың ауырлық деңгейін арттырады. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар жүргізген зерттеулерге шолу жас ау кезінде темекі шегушілердің коронавируспен ауыру мүмкіндігі темекі шекпейтіндерге қарағанда жоғарырақ екендігі анықталды.

  • ФЕЙК: «Ыстық ванна қабылдау COVID-19 вирусына қарсы көмектеседі».

ФАКТ: Ыстық ванна қабылдау COVID-19 вирусына қарсы көмектеспейді. Қалыпты дене температурасы ваннадағы немесе душтағы су температурасына қарамастан 36,5 градустан 37 градусқа дейінгі аралықта болады. Керісінше, тым ыстық ванна қабылдау зиянды болуы және ағзаны күйдіруі мүмкін.

Бүгінде жергілікті полиция департаменттерінде жалған ақпараттарды жариялаған тұлғаларды анықтайтын арнайы жұмыс топтары бар екенін еске саламыз. Жалған ақпараттарды таратқандарға қарсы іс қозғалып, кінәлі адамдар жауапқа тартылып, заңға сәйкес жазаланады. Ал қаламыздың, еліміздің қалыпты өмірге қаншалықты тез оралуы – өзімізге байланысты. Ең бастысы, әркім қоғам алдындағы, өзінің отбасы, туғантуыстары, әріптестері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, қалыпты тірлікке көшуімізге мүмкіндік аламыз.

 

БІЗДІҢ ДӘЙЕКТЕМЕ:

COVID-19 ауруының атауы аббревиатура болып табылады. CO – корона (corona – ағылш.), VI – вирус (virus – ағылш.) D – ауру, ауруға шалдығу (desease – ағылш.) дегенді білдіреді. 19 саны 2019 жылдың белгісі – алғаш рет ауру нақ осы кезде тіркелген.

Әзірлеген Т.ДЕРБІСАЛИН