Аңыз адам

Аңыз адам Сурет: ашық дереккөз

Уақыт алға озып, жылдар жылжып, сағаттар сырғыған сайын сұрапыл соғыс тақырыбы өзектілігін жойған жоқ. Әділеттілік пен қастандықтың ара-жігін ажыратқан Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 78 жыл толды. Осынау уақытта талай әңгімелер жазылды. Десек те, айтылды деп қарап қалуға болмайды. Тарихтың сарғайған сары парақтарын ашқан сайын түрлі ақпараттар шығып, із-түзсіз жоғалған қарт жауынгерлердің есімі анықталып жатыр. Сондықтан да бұл тақырып өзектілігін жойған емес.


Көктемнің жайма-шуақ күнінде таза ауада жүру мақсатында көше бойлап жүріп келем. Жүйткіген көлік, ары-бері ағылған адамдар. Барлығы да қу тірліктің қамын жеп жүр. Бірі таңертеңгілік жұмысына асықса, енді бірі түнгі жұмысынан шығып, үйіне асығуда. Әйтеуір, қым-қуыт тіршілік. Әсіресе, бүгінгі зымыраған мынау уақытта жаныңды жалдап жүріп істегенің өзіңе пайда берері анық. Түрлі ой жетегінде біршама жер жүріп тастаппын. Қайда келгенімді бағамдау мақсатында жан-жағымды шолуым сол екен, аула ішінде кеудесі орден-медальға толған ақсақал шығып келеді. Ауылда өскен қара домалақ бірден ақсақалдың жағдайын білу мақсатында қолымды соза жүгірдім. «Қазақ үлкендермен қолын кеудесіне қойып амандық сұрасқан. Оның үстіне бүгінгі жағдай да соған алып келді», - деп бір күліп алды қария. Байқаймын, жүрісі ширақ, әңгімесі тың. Әкем барда үйден ақсақалдар үзілмейтін. Біраз уақыт өтіпті ақпейіл ақсақалдармен әңгіме құрмағалы. Бір шеті өз әкеме деген сағынышым да бар. Әйтеуір, әлгі ақсақалды әңгімеге тарттым.



- Ата, нешеге келдіңіз?


- Биыл күзде тоқсанның жетеуіне жетем!


- Тоқсан деген жас қалай екен? - деп мен де қоймадым. – Е, балам! Әрбір жасқа толған сайын адам алдына үмітпен қарайды. Ал тоқсанға толғаннан кейін бұрылып артыңа қарайды екенсің. Кейінгі ұрпақтың жүріс-тұрысы, істеген ісі қызық бола береді екен.


- Бүгінгі жастардың бет алысына көңіліңіз тола ма?


- Толғанда қандай! Бүгінгі заман жақсы заман. Барлығы бар. Жеткілікті. Тек ерінбей істеу қажет. Біздің балалық шағымыз қиын-қыстауда өтті. Бала болып ойын ойнамадық. Бізді заман ерте есейтті. Енді есімізді жиып, елге қызмет етеміз деп жатқанда соғыс оты тұтанды. Отаныңа қауіп төнгенде қарап қаласың ба? Қолымызға қару ұстауға тура келді, - деп ақсақал сәл ойланды.



Маған да керегі - ақсақалдың есті әңгімесін естіп, ақылын тыңдау. Жаным жай табар емес. Әңгіменің тиегі ақтарыла берсе екен деп тұрмын.



- Менің есімім Қамбар. Әкем батыр аталарымыз секілді болсын деп қойыпты. Әкем Әмір, оның ағасы да көп жасаған, көп көрген адамдар болды. Жас кезімде түс көрдім. Қара жылан келіп денеме оралып алыпты. Оралған сайын белімді қайыстырып қысып барады. Содан келіп шақты ғой әлгі жылан. Шошып ояндым да, әкеме жаман түс көрдім деп айттым. Әкем болған оқиғаны тыңдап отырып, ұзақ жасайды екенсің деді. Міне, қазақта түсті жақсыға жоры деген осы болар. Шүкір!


- Қай өңірде дүниеге келдіңіз? - деп қазбалай бастадым.


- Мен 1924 жылы 25 қазанда Қостанай облысына қарасты Күнтимес ауылында дүниеге келдім. Жастайымыздан еңбек еттік. 1942 жылдың тамыз айында Орал әскери округінің 3-ші оқу бригадасының мергендік мектебін аяқтадым. Сосын бірден майданға аттандық. Алғаш Калинин армиясының 4-соққылы әскерінің 119 атқыштар полкінің құрамында болдым. Алғашқы сәтте өте ауыр болды. Ызыңдаған оқтың арасына түсу оңай емес екен. Аспаннан ақырып бомбалар түскен кезде тығылатын жер таппай қаласың. Кейінірек оған да үйрендік. Жоғары басшылықтың тапсырмасын орындау басты міндет болды. Кейін 1-Балтық жағалауы және 3-Беларусь майданының құрамында болдым. Ол кездегі қиындықты ешкімнің басына бермесін, - деп көзін жұмды ақсақал. Мен әңгіме үзіліп кетпесін деген ниетпен ары қарай сұрақтарды үдете түстім.


– Соғыс болған соң, жаралану болады ғой. Жарақат алған кезіңіз болды ма? Болса, есіңізде бар ма?


- Әй, өзің ойла! Жаңбырша жауған оқ. Төбеңнен тасталған бомбалар. Соның ішінде жүріп, денеме оқ дарымады десем, өтірік қой. 1944 жылдың көктем мезгілі болатын. Жаумен бетпе-бет келдік. Екі жақ та берілгісі келмейді. Бір кезде жаудың снаряды жарылды да, бірдеңе кеудеме келіп тиді. Содан кеудені көтере алмай жатып қалдым. Есімді жисам, санитарлар кеудемді орап тастаған. Оң қолым көтертпейді. Сөйтіп, майданнан тыс қалдым. Үш айдай ем қабылдаған соң қайта соғысқа кірістік. Бұл кездегі соғыс басқаша болды. Біздің полк кетіп қалғандықтан, Польша маңында болдық. Күндіз ауылдарды араласаң, ер-азаматтар жүреді. Кешкісін әлгі ер-азаматтар бізге қарсы оқ атады. Яғни, шпиондармен соғыс болып кетті. Бұл қан майдан соғыстан да қиын болды. Кімді атарыңды білмейсің. Барлығы қарапайым халық секілді. Адамға алдымен жан тәтті екен. Кімнің шпион екенін лезде ажыратып алдық. Осындай да соғыс көрдік. Қарағым, уақыт өте көп нәрсе ұмытылады екен ғой. Соғыс жолын да ұмыта бастадық. Енді болашағымыз жарқын болсын! - деп сұрақты қысқарт дегендей болды.



Мен ақсақалды қинауды жөн көрмедім. Сөйтіп, ғасыр жасаған атамыздың амандығын тілеп, өз жөніммен жүре бастадым.


  Нұрғиса Сахов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:56

14:43

13:15

13:13

12:41

12:16

11:37

11:11

11:04

10:45

10:37

10:30

10:19

10:11

10:07

23:14

17:19

16:27

15:44

15:35

14:52

13:55

13:07

13:02

12:56