Аңыраған желі, азынаған бораны бар

Аңыраған желі, азынаған бораны бар
oir.mobi

Желтоқсан айы басталды. Бұл айда ақырып келетін, қарлы боранын шақырып келетін «Ақырап» амалы бар

Алдында ғана – қарашаның соңғы аптасында әсем  Алматыда келеңсіз көріністер бой көрсетті. Жаңбыр жауып, соңы қар мен көктайғаққа ұласып, жұлқынған  талай «темір тұлпарды» тізгіндеп, сабасына түсірді. Еліміздің өзге  өңірлерінде, әсіресе, шығысы мен солтүстігінде ұйытқыған боранның салдарынан орын алған жағдайлар жан түршіктірді. Осындай болатынын қазекең табиғат амалдары арқылы күн ілгері біліп, қамданап, қымтанып, сақтанып отырған.

«Ай көрдік, аман көрдік!» демекші, жаңа ай туды, кеудесі көтеріңкі, тым шалқақ та емес, тікірейіп те тұрған жоқ. Бұл апталық ауа райында көп өзгеріс болмайтынын аңғартқандай. Иә, Желді айы желпініп, алай-дүлей дауылын, қар аралас жаңбырын ала келмеді. Қарашаның қарлы, желді ызғарын өзіне қалдырды. Аяз күрт сынып, желдің екпіні басылып шыға келді.

Иен даланы кең жайлаған атам қазақ жылды тіршілік қамына байланысты бір-біріне қарсы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға  бөлгенімен, табиғи белгілеріне қарап төртке жіктегені мәлім: жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс. Жер жаңғырып, жыл басталатын жазғытұрғы маусым қазақтарда Жылтоқсан деп аталған. Ал өзге маусымдар ретімен әр тоқсанына сәйкес – Жазтоқсан, Күзтоқсан аталғанын зерттеушілер жазып жүр. Қыстың ызғарлы суық мезгілі – үш айды (желді, қаңтар, ақпан) бір тоқсанға біріктіріп, Желтоқсан деп атаған. Міне, жылдың соңын қорытындылайтын, суық, желді айлардың жаршысы Желтоқсан бүгін басталды.

Желтоқсан - амалы көп, жел мен ызғарға толы ай. «Қырбастың қызылы», «Ақырап», «Теке бұрқыл», «Киіктің матауы», «Сірне», «Аю жатқан» амалдары осы айдың еншісінде. Бұларға қосымша  – 22 желтоқсанда ең қысқа күн орын алады. Есесіне ертесінен бастап күн ұзара бастайды. Бабаларымыздың  «Күн жеңді!», «Өрісіміз кеңейеді!», «Малымыз тойынады!» деп ағаштарға мата байлап, атойлаған кезі сол уақыт. Яғни шырша мерекесі. Осыны көрген, естіген көрші-қолаңдар алаулатып, жалаулатып, оған өзгеше рең беріп, атау қойып, «Жаңа жыл» деп тойлап жүр. Бұл туралы ұлтымыздың жанашыр басылымы «Алматы ақшамы» соңғы оншақты жылдан бері үздіксіз жазып келеді. Уақыт еншісіндегі нәрсе ғой, түбі шешімін табар деген үмітіміз зор…

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, Желді айының – 1-і. Ай жүйесіне сүйенсек, жаңа айдың – 6-шы көрінісі. Ескіше есеп енді 8 күннен кейін ай басталатынын көрсетіп тұр.

Алда «ақырып келетін, қарлы боранын шақырып келетін» Ақырап амалы келе жатыр. Бұл амал осы желді айының 15-іне дейін созылады. Пайым бойынша, байтақ жеріміздің бәрінде жел, боран, ызғар мен аяз күшіне енетін кез. Алдағы аптаның ауа райы аса жайсыз бола қоймаса керек. Дегенмен, Алматыда бет үсіп, құлақ түсіп қалатындай аяз немесе боран болмағанымен, бір күн қар, бір күн жаңбыр алмасып отыратын сыңайлы...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Ай қозғалысына қарап жасалған жорамал:

*Айдың екі ұшы сүйір, өңі ашық, шалқақ туса, онда сол ай жауын-шашынды, желді болады.

*Ай туғанда бұрынғысынан үлкендеу көрінсе, сәулесі қызғылт болса, жауынның белгісі.

*Ай бұлыңғыр болса, жаңбыр жауатындығын, ашық болса, шуақты болатындығын білдіреді.