Ананың нағыз өзі еді…

8 наурыз – қазақ өнеріндегі қайталанбас тұлғаның бірі, дара дарын иесі Әмина Өмірзақованың туған күні.

Ол кісі атақтан кенде болған жоқ. Қазақстанның халық әртісі болды, Мемлекеттік сыйлықты иеленді, басқа да толып жатқан үлкенді-кішілі орден-медальдармен марапатталды. Бірақ соның ешқайсысы Әмина Өмірзақованың қазақ театрына, қазақ киносына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегінің толық өтеуі бола алмасы анық. Сахна саңлағы дүниеден өткенде, қазаға қайғырған жұрт: «Қазақ киносының тұтас бір дәуірі Әмина апамен бірге кетті…» деген-ді. Әмина Ерғожақызының 50-ден астам кинофильмге түсіп, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында табан аудармай 60 жыл еңбек еткенін ойға алсақ, бұлай айтылуы заңды да…

Әдетте, көрермендердің көпшілігі Әмина Өмірзақованы ана бейнесінде елестеді. Бұл ретте халық әртісі Асанәлі Әшімов Әмина Ерғожақызының өнерде ғана емес, өмірде де шынайы ана бола білгенін айтқаны бар. Жарынан ерте айырылғанына қарамастан, өмірдің қиындығына мойымай, екі ұлы мен бір қызын азамат етіп өсіріп-жеткізген Әмина апаны «қазақ анасының символы» десе, дегендей! Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильміндегі Тана апай рөлі Әмина Өмірзақованы мүлде жаңа қырынан көрсеткен рөл болды. Осы орайда, «Шәкенге партнер болу мен өнерде де, өмірде де ол кісімен қатар жүрудің өзі Әмина апайдың деңгейін көрсетеді» деген Асанәлі Әшімов, өзінің бір естелігінде мына бір жайтқа тоқталған-ды: «Бір топ адам Тбилисиге барғанбыз. Шәкен аға сол жерден Мәскеуге кететін болды да, қалғанымыз Алматыға қайтатын болдық. Қоштасып тұрып, Әмина апай екеуі: «Күнде бірге жүреміз, жұмыс істейміз. Бірақ құшақтаспайды екенбіз ғой. Келші, бір құшақтасайық» деп қалжыңдасып қоштасты. Шәкен ағаны содан кейін көрген жоқпыз. Мәскеуге барысымен қайтыс болды. Кейін ойлап тұрсақ, сонда бір-бірімен мәңгілікке қоштасқан екен ғой. Міне, ұлы адамдардың кездесуі де, қоштасуы да осындай ерекше болады…».

Ал келесі бір кино тарланы Нұржұман Ықтымбаевтың пікірінше, «бүгінгі актрисалар ерекше бақытты. Өйткені, олардың алдында Әмина Өмірзақова сияқты шығармалық шеберлігі үлкен мектеп болуға лайық бірегей тұлға бар». Әсілі, киноның құдіреті – таспа тіліндегі тарихтың қай уақытта да өшпейтіндігінде болса керек. «Мысалы, арамыздан кетіп қалған Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабековтерді өзіміз әлі күнге дейін «іссапарда жүр» деп ойлаймыз. Сол сияқты, Әмина апамыз да әлдебір жақта киноға түсіп жатқандай болып көрінеді», – дейді Нұржұман аға.

Киносыншылар Әмина Өмірзақованың кинодағы ерекше рөлінің бірі – «Абайдың әні» фильміндегі Ажар екенін жоққа шығармайды. Әсіре се, сол картинадағы Ажардың Айдар өлімі туралы еститін бір көрінісі айрықша әсерлі. Жаман хабар алғанда, әдетте, кім болса да айғайлап жылайды. Тіпті ойбайлап, шашын жұлатындар да кездеседі. Ал Әмина Өмір зақованың кейіптеуіндегі Ажар қатады да қалады. Сүйіктісі жөніндегі қаралы хабармен бірге, тура жаны кетіп қалған адам сияқты… Үнсіз ғана құлағындағы, қолындағы, мойнындағы әшекейлерін шешеді. Өйткені, оған бұл өмірде енді қызық жоқ… Бұл да – Әмина Ерғожақызының қайталанбас шебер, тарлан талант екенінің бір ғана айғағы.

Алматыда Әмина апай тұрған үйдің қабырғасында ескерткіштақта бар. 40 жылға жуық тұрған сол шаңырағына деген қимастығын Әмина апа өзінің бір сұхбатында: «Осы үй маған ерекше ыстық. Өйткені, мұнда жолдасыммен бірге тұрдым, осы шаңырақта балаларымыз дүниеге келді…» деп жеткізген-ді. Ойлап қарасаң, неткен адалдық. Осы бір асыл қасиетін жоғалтпай өткен адамдар бұл өмірде, әрине, некенсаяқ. Әмина апаның бойындағы мұндай адалдыққа, тұрақтылыққа, бір жағынан, таңқалуға да болмайды. Өйткені, ол – шын мәнісінде, экранда ғана емес, өмірде де нағыз Ана еді ғой…

Роза ҚҰРМАНБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *