Амал мерекесі: Он мыңдай адам Отпан тауында құшақтасып, көрісті

Амал мерекесі: Он мыңдай адам Отпан тауында құшақтасып, көрісті
Сурет: Inform.kz

Жылдың бастауы болған 13 наурызды маңғыстаулықтар биыл да әдеттен танбай, «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде қарсы алды.

Жылдағы дәстүрмен көпшілік батыс Қаратаудың ең биік нүктесі Отпан таудың басына жиналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Таудың ең биік нүктесінде «Бірлік» отын жағып, қазақ еліне бейбіт ғұмыр тіледі. Биылғы шараға 10 мыңға жуық адам жиналған. Олардың қатарында Түркия, өзбек-қырғыз елдері мен Әзірбайжаннан келген делегаттар бар. Көрісу мерекесінде күн райы да қуантты, ауа температурасы +20 градусқа дейін көтерілді. Тау етегіндегі «Қарашаңырақ» кешені алдына 50-ге тарта киіз үй тігілді. Таңсәріден жиылған көпшілік бір-бірімен құшақ жая көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен құттықтады.

Әр шаңырақ иесі қазан толтыра ас салып, төрге озған адамға ұлттық сусын шұбат-қымыз бен бауырсақ ұсынды. Бұл күні Маңғыстауға еліміздің әр өңірінен сыйлы қонақтар келді. 

«Енді басталып жатқан кезінде келіп едім. Жалпы, өмірдің өзі салыстырумен өтетін нәрсе ғой, қай кезде де. Ол кезде үйлердің де жағдайлары онша болмаған еді. Қазір елдің әл-ауқаты жақсарғанын көрсетіп тұр. Аумақты шара болып жатыр. Сол ата-бабаның атын дәрістеп, келешек ұрпаққа бір тәлім-тәрбие болсын деген мағына ғой», - дейді шараға қатысушы Шайқұла Алдабергенұлы. 

Концерттік шарадан бөлек алаңда ұлттық ойындар өткізілді. Ер-азаматтар арқан тартудан сынға түссе, балалар асық атудан мергендік танытты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. Жасы 95-ке келген  қарияның ақ батасын беріп, көпшілік дәстүрлі шараның ең маңызды бөлімі - «Бірлік» отының жағылуын асыға күтті. «Бірлік» оты тұтанып, алау Отпан таудың басына жеткізіліп, қазақ мемлекекеті әлемге паш еткен бейбітшілік, бірліктің айқын көрінісі ретінде маздап тұрады.