«Амал келді, жыл келді...»

 «Амал келді, жыл келді...»
Суреттерді түсірген - Самат

Көктеммен бірге Жер-Ана да бусанып, қазақ даласына Жаңа жыл келе жатыр. Оны 22 наурызда күтіп аламыз. Ал атам қазақтың ұғымында, 13 наурызды «Самарқанның көк тасы еріген күн» дейтін ұғым бар. Самарқан өзбек жеріндегі қала. Онда бізге қандай қатысы бар? Шыны керек, ел арасында бұл ұғым туралы аңыз, болжам көп. Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектің астроном болғаны тарихтан белгілі. Ол ғылыми негіздерге сүйене отырып аспан әлемін зерттеген. 13 наурызда Ұлықбектің обсерваторияның аспанға қарайтын телескопының бетіне күн ешқандай бұрылыссыз дәл түсетін болған екен.

Самарқанның көк тасы еріді

Бізде ата-бабаларымыздың бейітіне көктас қоятын бол­ған. Бұл дəстүр қазір де бар. Сол көктасты алу үшін Самарқан асып, дəл 13 наурызға туралап баратын болған деседі. Сол күні осы көктасты кесіп алу оңай болған көрінеді дейді бір аңыздарда. Ал кейбір зерттеушілер «Самарқанның көк тасы­ның еруіне» символикалық сипат беріп, Наурызды құл құрық­тан, күң сырықтан құтылып, «хан қарашаның есігінен қарап, қараша ханның төріне шығатын күн» деген түсініктің аясын­да шоғырландырады.

Ал 13-інен кейінгі 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні аға­йын-жұрт қыстан аман-есен шыққанына қуанып, үстіне бар жақсысын іліп, міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға барлық тәттіні молынан төгеді. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкендерге кіріп, қос қолдап амандасып, көрісіп шыға­ды. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюің­мен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деген ұғымды білді­реді. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы тоқ жүрейік, дастарханымыз аралас бол­сын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Осынау шадыманға, ақ батаға толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен 22 наурызды қарсы алады. Ол күн де алыс емес. Басымыз аман, бауырымыз бүтін бол­ғай, ағайын!

Көрісу күнінде қасиет бар

Өмірде әрбір адам үшін атаулы күндер болады. Әсіресе, өзінің туған күні немесе жылда асыға күтетін мереке ерек­ше көңіл күй сыйлайды. Мен үшін туған күннен де маңыз­ды, сол бір ауылда қалып кеткен бейкүнә балалықтың «дәмі» сезілетін қасиетті күн бар. Ол – Көрісу күні. Көрісу (амал) ғұрпының мәнісінен хабарсыз кейбіреулер атауына қарап, «әншейін қол алысып, амандасуды да жеке мереке етіп алған ба, онсыз да көп көріспеген жандармен төс қағысты­рып, амандасу қазақта бар салт қой» деп ойлауы әбден мүмкін. «Көрісуді мерекеге теңеу логикалық тұрғыдан қи­сынсыз» деп кейбір ғалымдар да айтып жүр. Бірақ бұл күнде қадір-қасиет бар. Қыстан мал-жаны аман шығып, бір-біріне құшақ жайып, кеуде тосатын күн.

Мұрныңа анаң пісірген шелпек пен бауырсақ иісі сезіліп, құлағыңа көршілер мен ауыл адамдарының, ағайын-туыстың «Бір жасыңмен!» деп сөз бастап, амандық-саулық жаудырған тілектері естіліп, ерекше айтатын сол бір «Көрісу таңы» мәңгі естен кетпейді. Жәй күндері сабақтан қалмау үшін әрең ерте тұратын біз Көрісу күні ұйқы шала болса да, ертерек тұруға құмар едік. Таңдағы қалың ұйқы жайына қалады. Иіс шығарылып, асқа бата жасалып, Құран оқылады. Ата мен әжеге, үйдегілерге көрісу үшін ауылдағылар ағылып келе бастайды. Содан бастап қас қарайғанша дастархан жиналмай­ды, ошақ сөнбейді, самаурын судан құрғамайды.

Жыл бойы жиналған өкпе-ренішті бір сәтте кешіруді осы бір қасиет дарыған күннен үйрендім. Балалығым қалған жер­де қазақтың Жаңа жыл мерекесін тойлау дәл осы көрісу күні – 14 наурызда басталып кетеді. Алдымен үш үйдің есігін ашып, көрісіп шығу керек деген ырым бар.

Мереке күні мектепке барғанымызбен, жөнді сабақ та өтілмейтін. Ауылдағы ең биік ғимарат – мектептің жоғары қабатынан ауыл алақандай көрінеді. Сынып терезесінен кіш­кентай балалардан бастап, ауыл үлкендерінің үй-үйді аралап, көрісіп жүргенін көріп, «бүгін неге демалыс емес?» деп сырт­тай қызығып қарап отыратынбыз. Үнемі қабағынан қар жауып, ашуын оқушылардан алатын кейбір қатал мұғалімдер сол күні құдды бір басқа адам секілді мейірімді болып ке­тетін. Жасы кішілердің әрбірінің қолында бір-бір үлкен пакет­тер болады. Ол не үшін дейсіз ғой?

Үй иелері көрісіп келген балалардың қолындағы пакет­терге үйіп-төгіп бауырсақ пен тәттілер салып жібереді. Құр қол жібермейді. Халқымыз дастарханын қастерлеген. Осы бір жоралғы «балалар тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас, тоқтық болсын» деген ниеттен туған. Қарапайым дүние болып көрін­генімен, ғажабымен есімде қалған осы бір күнде қаншама қазақтық жатыр десейші...

Амал мерекесіне ғана тән «Бір жасыңмен!» тілегінің ас­тарында ыстық ықылас, құрмет пен сыйластық жатыр. Бұл сөздің мағынасын жете түсінбесек те, үлкендерден осы сөзді естігенде, расымен бір жасқа есейіп кеткендей күй ке­шетінсің. Ол «бір жасқа есеюіңмен, осы жылға аман-сау же­туіңмен» дегенді білдіреді.

Бір-бірімен көрісіп жатып, жылы шыраймен өкпе-ренішті кешіріп, арадағы араздық ұмытылып, құт пен береке тілеп, қыстан аман шыққанымен құттықтау – ешбір ұлтта жоқ жөні бөлек үрдіс. «Көктемеде бір тойдым, көбік қарда бір той­дым», «Амал келді, отпан тауда от жанды» деген сөзді дана қазақ Көрісу күніне байланысты айтса керек.

Наурыздың 13-інен 14-іне қараған түнде Ай мен Амал жұлдызы бір сызықтың бойына теңеседі екен. Бұл – ғылыми дәлелденген теория. Соңғы жылдары Амал мерекесінің аясы кеңейіп, Қазақстанның басқа да аймақтарында Наурыз мей­рамының бастамасы ретінде тойланып келеді.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Ахмет ТОҚТАБАЙ,  этнограф-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор:  Ұлттық сананың белгісі

Наурыз мейрамы 4 кезеңнен тұрады. Біріншісі – тазалық. Оған рухани, материалдық тазалық жатады. Үйді, қора-қопсыны тазалаудан бөлек, әркім жанын тазалау керек. Бір жыл бойы жиналған өкпе-ренішті ұмытып, арасы үзілген ағайын араласа бастайды. Екіншісі – көрісу. Қыстауда тұрған қазақтар жер-аяғы кеңіп, күн жылынғанда бір-бірімен қауышып, атақты, аузы дуалы ауыл үлкендерінен бата алатын болған. Үшіншісі – нау­рыздың дастархан мәзірі. Үй-үйді аралап, 40 үйден дәм тату керек деген ырым болған. Төртінші кезеңі – наурыздың ойындары. Қазақтың ұлттық ойындарын ұйымдастырады.

Көрісу – тек батысқа емес, бүкіл қазақ жеріне тән мереке. Наурыз жырларының ішін­де «Көріс жырлары» деген бар. Наурыздың фольклорында көрісу бірнеше жерде кезде­седі. Кейбір аймақта жақыны, туысы қайтыс болған үйлер көріседі. Ал бұл көрісудің мәні басқа, қуанышты көрісу.

Бұрын Наурыз мейрамын Қазақстанның әр аймағы көктемнің келуіне байланысты әртүрлі уақытта тойлайтын болған. Қытай қазақтары наурыздың 11-інен бастап тойлай береді. Оңтүстікке көктем ерте келетіндіктен өңір халқы Жаңа жылды тойлауды ақпан айының соңында бастап кететін болған. Ал Арқада көктем наурыздың аяғында бастала­тындықтан, 21-інен 22-сіне қараған түннен жылдың басы деп есептеген. Менің ойымша, бүкіл қазаққа ортақ мерекені бір күнде атап өту керек. Ол – ұлттық сананың белгісі.

Наурызға қатысты ең басты қолжазба, ол – Омар Хайямның қолжазбасы. Наурызды күн мен түннің теңелетін уақытына теңестіріп, күнтізбені қалыптастырған, ХІ ғасырда сол күнтізбені жасауға қатысқан тұлға. Ол 1079 жылы «күн мен түннің теңелетін уақыты» деп Наурызға тоқтаған. Оған дейін парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен Наурызды, Жаңа жылды тойлау жылдың әр уақытына ауысып отырған. Көктемге, жазға, тіпті күздің қыркүйегіне де сәйкес келген кезі болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Сол кезде ол күн мен түннің теңелген күні 21-22 наурыз күні тойлайық деген еді. Омар Хайямға дейін бұл мейрамды парсының ескі күнтізбесінде 14 наурыздан атап өткен. Сол үрдіс еліміздің батыс өңірінде сақталып қалды.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, тарих ғылымының кандидаты: Неге «амал ғұрпын» еліміздің батыс бөлігі ғана мерекелейді?

«Көрісу дәстүрі» батыс облыстары мен соған іргелес жатқан Ресейдің қазақтар ме­кендейтін өңірлеріне ғана тән. Тарихтың тар тұстарында алып көршіміздің меншігіне өтіп кеткен құнарлы жерлер кезіндегі айбары асқан маңғыт пен алшынның атажұрты еді.

«Көрісудің» құпия кілтін ашқымыз келсе, өлке этнографиясының ерекше қыры мен сырына тереңірек үңіліп, өңір тарихының тұңғиығына бойлай түскеніміз жөн. Көрісу ғұрпының тамыры қайда жатқанын зерттеген этнографтар мен тарихшылар аталмыш салттың төркінін көне түркі-моңғол дәстүрімен байланыстырып жүр. Мәселен, Маңғыс­тау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген Андрей Астафьев «Амал (Көрісу) мере­кесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатқанына» зер салса, тарихшы Асылбек Байтанұлы Шаған (Цаган сар) – моңғол халқының дәстүрлі жаңа жыл мерекесі күнінде тойланатын «Золгох» дәстүрі мен біздегі «Көрісу» күнінің тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар екеніне көңіл бөледі. Келтірілген ой-тұжырымдардан нені байқап, қандай жайтты аңғаруға болады? Осы ретте әлі күнге дейін жұртшылық көп назар аудара қоймаған өңір тарихындағы бір жасырын сырды суыртпақтауға болатын сияқты.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тәмсілді түсінудің еш қиындығы жоқ. Қалай болғанда да, қазақ этногенезінің қалыптасуында «моңғол факторын» жоққа шыға­ру әсте қиын. Қазақ халқының салт-дәстүрінің өзегі көне түркі-моңғол қоспасында жатыр һәм соның дәлеліндей көптеген әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізде ұқсастықтар көп. Оның бәрін жіпке тізе берсек, тақырыптан ауытқып кетуіміз мүмкін.

Таңданарлығы сол, бізге жеткен тарихи деректер XV ғасырға дейінгі Ресейде де 14 наурыз – Жыл басы боп есептеліп, дүркірей тойланғанынан хабар береді. Атағы айға жетіп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» боп тұрған Алтын Орданың айбынды ханда­рына салық төлеп, пұшайман күйге түскен қоңсыларымыздың жай-күйі көз алдыңа келеді. Кешегі күні төрткүл дүниеге танылған Алтын Орданың шексіз құдіретіне тағы бір таң­қалып, шіркін, біздің бабалар-ай, дейсің де қоясың?!

«Көрісу күніне» орай зерттеу жүргізген этнограф-ғалымдардың пайымдары мен «Көрісу күнінің» географиялық ерекшелігіне байланысты туындаған ойымыз бен бол­жамдарымыздың қысқаша түйіні – осы. Айтылған пікірді айдан анық ақиқат деуден ау­лақпыз, әрине. Біздің мақсат – ақиқатқа апарар із бен сүрлеуді тынымсыз іздеп, сол жолға түсу ғана.