Қамқоршылық кеңесі басқосу өткізді

Махатма Ганди атындығы №92 мамандандырылған лицейінде «Қамқоршылық кеңесінің» кеңейтілген отырысы болып өтті. Оған «Қамқоршылық кеңесінің» құрметті төрағасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бейбіт Атамқұлов қатысты.
Отырыс алдында кеңес мүшелері лицей зертханаларында жүріп жатқан жобалық зерттеу жұмыстарымен танысты. Қонақтарға ерекше әсер сыйлаған жобалардың бірі лицей оқушыларының Оңтүстік Қазақстан облысына ұйымдасып барып қайтқан экспедициясының нәтижесінде жасалған қазақтың рухани жәдігерлері «Қарашаш ана», «Ибраһим ата», «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Яссауи» кесенелерінің 3D моделі болды.
Лицейдің «Ұжымдық радиостанциясымен» танысып, жер серіктерін автоматты түрде анықтап, бақылау жүргізетін спутниктік антеннаның жұмысын көргенде «Аэроғарыш» комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов: «Мен мектеп қабырғасынан мұндай кәсіби деңгейі жоғары ғажап жұмыстарды көремін деп тіпті ойламадым!», – деп таңқалысын жеткізді. Антрактидадан басқа әлемнің барлық аймағымен радиобайланыс орнатып, тікелей эфирге шығып отырған лицейдің жас радиоәуесқойларымен бірге келген қонақтар да басқа әлемге сапар шегіп кеткендей әсер алды.
Лицей қонақтары мен кеңес мүшелерін таңқалдырған тағы бір жоба – «Ұлттық ойын роботтары» болды. Лицейдің жас робототехниктері «Теңге ілу», «Арқан тарту», «Көкпар», «Асық ату» секілді қазақтың ұлттық спорт ойындарын роботтарға ойнатып жатқандарын іс жүзінде көрсетті. Қонақтардың бәрі ұлттық ойын роботтарының жарысын көруге қызығушылық танытып, қашан, қалай және қай жерде өтетіні жайлы сұрақтар қойып жатты. Жас робототехниктер де осы жылы мектеп базасында алғашқы жарыстарын өткізетіндері туралы жарыса жауап берді.
5-6 сынып оқушылары келген қонақтарға өздерінің тың технология – крио жолымен бие сүтінен балмұздақ жасау жобасымен таныстырып, әп-сәтте-ақ балмұздақты дайындап, алдарына тартқанда таңдай қақпаған жан болмады. Тіпті, «Аэроғарыш» комитетінің төрағасы: «Мынау нағыз ғарыш балмұздағы ғой!», – деп балмұздаққа жаңа атау берді. Экономикалық жағынан тиімді және денсаулыққа да пайдасы мол бұл балмұздақтан барлық келген қонақтар дәм татты. Балмұздақтан дәм татқандар бұл балмұздақтың басқаға ұқсамайтын ерекше дәміне тәнті болып, оқушылардың болашағынан зор үміт күтетіндерін жеткізді. Осылайша Махатма Ганди атындығы №92 мамандандырылған лицейінің дарынды балалары тек білімде ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялардан да алдарына жан салмайтындықтарын тағы да бір дәлелдеді.
Лицей оқушыларының талаптарына тәнті болған қонақтар оқушылардың болашақтағы ғылым жолына табыс тілеп, «Қамқоршылық кеңесінің» кеңейтілген отырысының негізгі кезеңін бастап кетті. Лицей басшысы Ерұлан Жиенбаев осы уақытқа дейін мектепте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп беріп, алдағы уақыт еншісіндегі «Ұлттық инновациялық мектеп моделін» құру стратегиялық жоспарымен таныстырды.
Кеңес мүшелерінің барлығы қолдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кеңес төрағасы Еркін Мұстафаұлы жоспарға талдау жасап, жоспардың орындалу мерзімдері мен мүмкіндіктерін нақтылап, толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін жұмыс тобын құру қажеттілігін айтты. «Аэроғарыш» комитетінің лицейді қамқоршылығына алып, жасалып жатқан жобаларға қолдау көрсететінін де ескертті.
Кеңес отырысынан кейін Еркін Мұстафаұлы лицей оқушыларымен кездесіп, құттықтау сөз айтты. Лицейге өз атынан екі теннис столын сыйға тартып, оқушыларға сәттілік тіледі. Фесенков атындағы Астрофизикалық институт директоры, РһD докторы Бибосынов Асылған мырза оқушыларға «Қазақстандағы ғарыштық ғылыми зерттеулер мен технологиялардың дамуы» атты дәрісін оқыды.