Алыстан арбалау

«Өзімізде өндіргеннен гөрі, сырттан тасыған тиімді» деген сыңаржақ түсінік тудырғаны мәлім

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өткен жылы коронадағдарыстың салдарынан Алматы қаласының қазынасына 40 млрд. теңгеге жуық қаражат кем түскен.

Өйткені, әлемдік пандемия, карантин алып шаһардағы бизнестің дамуына айтарлықтай кері әсер етті. Бизнес бірнеше айға тоқтап, кәсіпкерлер жұмысы тұралап қалды. Ал Алматыда бюджет түсімінің 64 пайызы кәсіпкерлердің салығы есебінен жиналатынын ескерсек, қала қазынасы қанша кірістен қағылғанын түсіну қиын емес.

Өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қашанға дейін импортқа тәуелді бола береміз. Намыс қайда? Қазақстанда түрлі өнім өндіруді жолға қоятын кез келді» деді. Шынында да, біз неге өзімізде өндірмейміз? Бәрін сырттан сатып ала беру соншалықты тиімді ме?

Қазір елдегі дәрі-дәрмектің 10 пайызы ғана өзімізде өндіріледі. Қалған 90 пайызы сырттан әкелінеді. Бұл – стартегиялық тауар, оған басқаша көзқараспен қарау керек. Бізде индустиялық басым бағыттар бойынша 10 сала бар. Олар салықтық жеңілдіктер алады. Бірақ соның ішінде фармацевтика жоқ! Ал өткен жылдың басында коронавирус пандемиясы әлемді шарлаған уақытта көптеген елдер шекарасын тарс жауып тастады. Қытайдың өзі Қазақстанмен шекараны уақытша жауып қойды. Осыдан кейін елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы басталып, аты жаман індетпен ауырған науқастарға дәрілік препараттар жетіспей жатты. Дәрі-дәрмектің бағасы аспандап кетті. Тіпті, медицина қызметкерлерінде коронавирустан қорғайтын құралдар мен киімдер жеткіліксіз болғандықтан, қаншама білікті дәрігерлерден айырылып қалдық. ҚР Сыртқы істер министрлігі әлем елдерінен гуманитарлық көмек сұрады. Не дәрі шығара алмай, не бетперде тіге алмай, осындай қиын жағдайға тап болдық. Елімізде өндіріс орындарын көптеп ашудың маңыздылығы, міне, осында.

Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер Қазақстанда өндіріс ашқаннан гөрі, шет елден тауар әкеп сатқан әлдеқайда тиімді екенін айтады. Өйткені, бізде өнеркәсіп орнының цехы, өндіріс орындарын ашу үшін көптеген бюрократиялық кедергілер бар. Мәселен, кішкене цех ашу үшін алдымен жер сатып алуың керек. Қаладан жер сатып алу үшін көп қаржың болуға тиіс. Ол цехты тұрғызу үшін де 30–40 мың доллар тағы шығындаласың. Оның ғимаратын салып, енді жұмысыңды бастайын десең, СЭС, өрт сөндірушілер, сәулет және қала құрылысы секілді, т.б. тиісті органдардан рұқсат алуың қажет. Ал олардың бәрінен рұқсат алып, жұмыс бастағанша 100 мың доллар қаржы былайдан былай кетіп қалады. Сосын мұншама шығыныңды қашан қайтарып аласың?

Шағын өндіріс орнының өзіне шамамен осынша қаражат кетеді. Ал үлкен өндіріс орнын ашсаңыз, онда тіптен түрлі қиындықтарға тап боласыз. Оның үстіне банктен несие алудың өзі оңай емес. Кепілдікке қоятын мүлік сұрайды, пайыздық үстемақысы тым қымбат. Мұның барлығына төтеп беру кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейді.

Оған қоса, бізде жақсы маман жоқ, болған күннің өзінде жұмыс күші өте қымбат. Тиісті органдар да қайта-қайта тексеріп мазаңды алады. Ал әрбір тексеруге қалтаңнан шығындаласың. Сондықтан біздің шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер өндіріс орнын ашқаннан гөрі, Қытайдан, Ресейден, Түркиядан тауар алып келіп, осында сатқанды тиімді көреді.

Біздегі шенділердің де көпшілігінің түсінігі осындай. «Өндіріс орындарында отандық тауар өндірудің шығыны өте жоғары, өзін ақтамайды. Шет елден дайын тауар сатып алған әлдеқайда арзанға түседі», – деп түсінеді олардың кейбірі.

Жасыратыны жоқ, қазірдің өзінде біз шикізат жеткізетін елге айналып отырмыз. Сондықтан жерасты байлығы сарқылмай тұрғанда, өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту қажет. Әрине, ол бір күнде дамып кетпейді, мемлекеттік қолдау арқылы істі біртіндеп дөңгелетіп алуымыз керек.

Мемлекеттік қолдау деген не? Ол ең бірінші, кәсіпкерлік саласын шенеуніктердің бюрократиялық кедергілерінен қорғау. Ірі өндіріске мемлекет демеу болса, ал шағын цехтарға жергілікті билік сүйеніш болуға тиіс. Банктердің де кәсіпкерлерге орынсыз талаптар қойып, жылжымайтын мүлікті кепілзатқа алып, банктік несиелердің пайыздық ақысын жоғарылатуына жол бермеген жөн. Қиын кездерде мемлекет банктердің тығырықтан шығуына қолғабыс жасады. Банктер тарапынан да соның қайтарымы болуы керек. Салық, кеден, техникалық реттеуге қатысты мәселелерде де өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылуы керек. 3-5 жылда аяққа тұрып алған соң, өндірістен түсетін пайда алып-сатудан түсетін пайдадан 10 есе артық болуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлер бүгін ақша салып, аз болса да ертең пайда түсіргенді жөн көреді. Ұзақ мерзімдік жоспарлау жоқ. Сыбайлас жемқорлық деген дерт те кәсіпкерліктің дамуына тұсау болып келеді. Қазір мемлекет өндірісті дамытуға қыруар қаржы бөліп, кәсіпкерлерге қолдау жасап жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Өйткені, өндіріс ошақтарын ашуға бөлініп жатқан қыруар қаржы талан-таражға түсіп жатыр. Сондықтан қаржы кім көрінгеннің қолына берілмеуі керек.

«Қазақстанда өндіріс орнын ашқан тиімсіз» деген бос сөз. Кезінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жан-жақты жұмыс істеген «Жетісу», «1-Май»,  «АХБК» сынды кәсіпорындар болды. Өндіріс саласын дамытпайынша, сырттағы елге күніміз түскені – түскен. Ал ертең Қытай, Ресей тауарларының бағасы көтерілсе, ол бізге міндетті түрде кері әсер етеді. Сондықтан бұрынғы тоқырап қалған өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, жолға қою аса маңызды.

  • Сіз не дейсіз?

 Ербол ИСАХАНОВ, Алматы қаласының тұрғыны:

Өндіріссіз даму жоқ

Егер өзімізде өндіріс орнын ашпай, шет елден тауар кіргізуді қоймасақ, мұның арты жақсылыққа апармайды. Бөтен елден тауар тасудың салдарынан жұмыссыздық пайда болады. Жұмыссыздықтан қылмыс, жезөкшелік, ұрлық-қарлық көбейеді. Халықтың, әсіресе жастардың рухы түсіп, ішкілікке бейім болады. Ажырасу, баласын көшеге тастау секілді адам шошырлық әлеуметтік мәселелер артады. Базарда арба сүйреп, вокзалда жүк таситын, Сейфуллин көшесінде жұмыс сұрап отырған, жетім бұрыштан пәтер іздеп тентіреп жүрген қазақ жастарында қандай рух бар дейсіз? Айналып келгенде, жұмыссыздық намыссыздықты тудыратынын да еріксіз мойындайды екенсің. Сондықтан өндіріс орындарын көптеп ашып, халықтың жұмыс істеп, табыс табуына барынша жағдай жасауымыз керек.

 

Назгүл АРЫНОВА, экономист, қаржыгер маман:

Халық жұмыссыз қалмауға тиіс

Пандемия салдарынан әлемді жұмыссыздық жайлады. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметіне сенсек, әлемдегі жұмысшылардың жартысы күнделікті табысынан айырылуы мүмкін. Ең бірінші және ауыр соққыны бейресми немесе өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар алуда. ХЕҰ-ның бағалауынша, олардың саны – 1,6 млрд. адам, әлемдік еңбек күшінің тең жартысына жуығын құрайды. Сонымен қатар, әлемдегі 436 миллионнан астам кәсіпорын банкроттық жағдайдың алдында тұр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанда экономика 2,5 пайызға төмендеп, жұмыссыздық 4,8 пайыздан 7,8 пайызға артады. Экономикалық белсенділік төмендейді, тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында кедейлік артады. Сауда-саттық, өндіріс, көлік жөндеу, қонақүй, азық-түлік дайындау және жылжымайтын мүлік секторлары бәрінен көп зардап шегеді. Мұндай жағдайда елімізге көптеп өндіріс орындарын ашу өте маңызды. Халық жұмыссыз қалмауға тиіс.

Бақытбек БИДӘУЛЕТҰЛЫ, кәсіпкер:

Іс жүзінде қолдау қажет

Таяуда ауылға барып қайттым. Ондағы халықтың тұрмыс жағдайы өте төмен. Шетелдік компанияларда болмашы айлыққа істеп жүрген жастар қаншама! Билік тарапынан жастарға қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қолдау білдірілуі қажет. Сонымен бірге, бізге қатыссыз, шығыны шаш-етектен халықаралық жиындар өткізуді доғару керек. Қызыл сөзге бола, қаншама қаржы желге ұшады. Одан да сол қаржыға шағын өндіріс орындарын ашып, қарапайым халықтың жұмысқа орналасуына көмектессе, қаншама сауапты іс жасалған болар еді.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *