АЛТЫН АЛМА

Хан ШАУХУИ

(Қытай)

Адамзат XXI ғасырға қадам басқанда, мейiрiмдi Жаратушы ойға шомады: адам баласы сандаған ғасырды артқа тастады, небiр алапат соғыстарды, қырғыншылықты басынан өткердi. Мүмкiн, есiн жиып, ақыл тоқтатқан шығар. Ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн, ненi iстеу керек , ненi iстему керек екенiн де ұғынған болар? — деп ойлайды. Содан сынап көрмек болып, бiр алтын алманы Нью-Йорктегi Бiрiккен Ұлттар ұйымның бас штабының кеңсесiнiң алдына iлiп қояды. Алманы көрiп жұрттың бәрi жиыла қалады.

Әуелi алдымен жеткен саясаткер суырылып ортаға шығып сөз бастайды: әу қалайық, қараңдар, қандай ғажайып алма, алтын түстi шұғыла шашып тұр. Мен саясаткермiн, ендi бiр сөзбен айтқанда көссемiн, мен де осы алтын алма сияқты сiздерге нұр-шұғыламды шашып келдiм. Сондықтан алтын алма маған тән болсын, — дейдi ол.

Бұл сөзге айнала тұрған жұрт қарсылықтарын бiлдiрiп, гүбiрлесе қалады. Олар: алаяқ саясаткердiң айтып тұрғанын қарашы, жатса-тұрса ойлайтыны билiк пен мәртебе, қашан көрсең тiлiн безеп, өзi болмаса бар дүние құрып қалатындай, аман күндi жаман етiп көрсетуге дайын. Бәрiне ие болса да, өмiрi бiр тоймайды. Ендi, мiне, алтын алманы да өз меншiгiне айналдырғысы келiп тұр, оған жол беруге болмайды! — дейдi жұрт бiр ауыздан.

Бiр шетте бұл сөздердi естiп тұрған миллидер дауысын кенеп алып сөзге араласады: халайық, мынау алтын алма шынында керемет дүние екен. Мен дүниеден кенде емеспiн, менде бәрi бар, тек осы алтын алма ғана жоқ. Сондықтан алманы менiң алғаным дұрыс шығар, — дейдi.

Бұған жинаған жұрттың артын ала тұрған кедей бiреу қарсы шығады: Милдидер, сенде бәрi бар екен, осы алтын алмаға қызығып қайтесiң, оданда бұл қалтасының түбi тесiк бiзге қалғаны жөн емес пе? — дейдi кимелеп.

Бұдан соң жұрт арасында тұрған ақылды адам сөзге араласады: табиғаттың даму заңы бойынша да, қоғамның даму заңы бойынша айтсақ та, мынадай керемет зат мен сияқты сұңғыла адамға тән нәрсе. Себебi, қоғамды алға сүйрейтiн мен сияқты ақылды адамдар. Бұл алма менiң сол еңбегiмдi марапаттау үшiн берiлуi тиiс, — дейдi ол.

Бұл сөзге қатарда тұрған ақылсыздау адам қарсы шығады: ақылды адам ақылдылығымен қалағанынна ие болады, ал мен болсам, өмiр бойы жолым болмай келедi. Жаратқанның бар екенi шын болса, бiр әдiлеттiлiк болуға тиiс, алтын алма маған тән болсын. Сонда ғана таразы бас тең болады, — дейдi ол.

Бұдан соң сөзге жұрт арасында тұрған көркiне көз сүрiнген сұлу әйел араласады. Ол қолын созып алтын алманы үзiп алмақ болып: мынау алма дәл маған ұқсайтын әдемi нәрсе екен, өмiр әдемiлiкке құштар. Сондықтан, әдемi нәрсе әдемiлерге тиеселi болға тиiс, — дейдi ол.

Бұны естiп көрiксiз әйелдер шу ете қалады. Олар: көз тоймайтын көркiң бар сен үшiн алынбайтын қамал жоқ. Сұлулықтың арқасында неге болса да қол жеткiзесiң. Ал бiз шi? Өмiрде неге қолымыз жеттi? Сондықтан алтын алма өмiрде жолы болмаған бiз сияқты жандарға бұйруы тиiс, — дейдi олар.

Бұнымен тынбайды. Дауға ақ нәсiлдiрлер араласады. Олар: алтын алманың нұры бiздiң қардай ақ тәнiмiзге ғана лайық екен. Оның бiзге берiлгенi жөн дейдi. Бұл сөзге бiр шетте қарап тұрған қара тәндi азаматтар келiспей, шулайды. Олар: Алтын алманы ақ тәндiлерге беруге болмайды. Бұл дегенiң нәсiлшiлдiк. Алтын алма бiзге тән, ол сандаған жылдар қорлық көрген бiзге берулуi тиiс, — деседi олар.

Еркектер шулайды: алтын алма еркектерге тиеселi болуы тиiс, дүниенi тiреп тұрған еркек кiндiктiлер, — десе. Әйелдер де қалыс қалмай: еркектер қателеседi, алманы мына, әйелдерге қалдыру керек. Себебi, әйелсiз дүние қараң қалады. Сондықтан, әдемi алма әйелдердiкi болуы тиiс, — деседi.

Атпал азаматтар да алтын алманы алғысы келедi. Олар: жұрттың бәрiнiң алмадан дәмесi болса да, анығында ол бiзге тиеселi болуға тиiс. Өйткенi, қоғамның басты қозғаушы күшi бiздер — атпал азаматтар. Бiздiң еңбегiмiз болмаса дүние тоқтап қалады, — дейдi олар. Бұл сөздi естiп қарт адамдар ренжидi. Олар: жастардың бұнысы несi, қолда бардың бәрiн бiз жасап бермесек, осыларға мына дүние көктен түстi ме? Үлкендi сыйлаудан қалған екен. Алтын алма бiзге берiлуi тиiс, — дейдi олар қатуланып.

Қарттардың айналасында ойнап жүрген балалар шулай жөнеледi. Олар: неткен әдемi алма, әкемiз бен шешемiздiң, атамыз бен әжемiздiң еркесi бiздермiз. Олар көктегi айды алып бер десек те, алып бередi. Сондықтан, алтын алманы бiзге бере салыңдар, — дейдi олар.

Сонымен ұлардай шулаған жұр жер-дүниенi басына көтередi. Айғайдан басы ауырған Жаратушы әмiр етiп қасына сайтанды шақыртады. Адам баласының шу-шұрқанына қарап мәз болған сайтан: көрдiңiзбе тақсыр, сiз оларға ақыл-парасат бердiңiз, сонымен пәни жалғанда ыризығын адал терiп жер дедiңiз. Ал, мыналардың iстеп жатқаны мынау, нәпсiсiн тия алмайды, өздерi тойса да, көздерi тоймайды. Қашан көрсеңiз осы, — дейдi сайтан.

—       Ендi не iстеймiз, адам баласын осылай таластырып қойып қарап отырамыз ба? — дейдi Жаратушы оған.

—       Жоқ, Жаратушым. Алтын алманы қайтарып алайық. Айтуға қарағанда адам баласы өзiнiң тегiн зерттеп, клондап адам жасап, жаңа адам баласын жаратқалы жатыр екен ғой. Мүмкiн, сонда ақылына көркi сай, нәпсiсiн де тия алатын, ашкөздiктен таза ұрпақты өмiрге әкелер. Алтын алманы әне сол кезде берермiз оларға, — дейдi сайтан.

—       Ол айтқаның да жөн екен, солай болсын, — дейдi Жаратушы ақырында.

Бұл сөздi естiп сайтан оқтай атылып алтын алманың қасына жетiп барады да, оны қағып алып қойнына сүңгiтiп жiбередi.

Ал әлгiндегi у-шудан басы ауырған Жаратушы болса көзiн жұмып, ернiн тiстеп, отырып қалады.

Қытай тiлiнен аударған — А.НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *