«Алтын сапада» алматылықтар олжалы

«Алтын сапада» алматылықтар олжалы
Сурет: Pavlodarnews.kz

Елордада президенттік «Алтын сапа» жеңімпаздарын марапаттаудың XV мерейтойлық салтанаты өтті

Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, 10 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы еншісі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13%-ға жеткенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда», - деді Президент.

«Алтын сапа» конкурсына қатысуға Алматы қаласынан 33 компания өтініш берген болатын. Оның ішінде 19 кәсіпорын құжаттардың толық топтамасын ұсынған және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген.

Биыл Алматы қаласының 8 компаниясы «Алтын сапа» сыйлығының жүлдегері атанды. Атап айтсақ, «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын» номинациясы лауреаттарының бірі – Алматы Индустриалды аймағында орналасқан «DOC Co.LTD» ЖШС, ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорынның» бірі – «ИНВИТРО-Казахстан» ЖШС. Сондай-ақ, екі алматылық кәсіпорын «Іскер» сыйлығын жеңіп алды. Бұл жүлде ҚР Президентінің «Алтын сапа» жүлдесі үшін конкурсқа және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысушы компаниялардың арасынан беріледі. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің арасындағы жеңімпаздардың бірі – «Елена» тігін өндірісі» ЖШС, ал ірі кәсіпкерлік субъектілерінің ішінен  «КазФерроСталь» ЖШС суырылып алға шықты.

«Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясында «KAZ MINERALS AKTOGAY» ЖШС, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Alina group» ЖШС «Парыз» сыйлығының күміс мүсіншесін жеңіп алды.

Мемлекет басшысы отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін және өнімділігін арттыру үшін сапаның заманауи жүйелерін енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Халықаралық үздік үлгілерге және тәжірибелерге сәйкес болуы үшін «Алтын сапа» талаптарын кезең-кезеңмен сапаны басқарудың еуропалық стандартының жаңа үлгісіне сәйкестендіруді ұсынды.