«Алтын орда» маңындағы жол қазан айында салынып бітеді

«Алтын орда» маңындағы жол қазан айында салынып бітеді
Сурет: Kaz.tengrinews.kz

Қазіргі уақытта жобаның 70 проценті аяқталыпты.

Құрылысы төрт жылға созылған «Алтын Орда» маңындағы жол биыл салынып бітеді. Жауаптылар он жолақты күре жолды алдағы айда қолданысқа бермек. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Берік Камалиев айтты. Бұдан бөлек, мердігерлер Алматы мен Қаскелең арасында тағы бірнеше көпір мен айналмалы жол салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы-Бішкек халықаралық автожолының 16-19 шақырым аралағын күрделі жөндеуге үкімет қазынасынан 11 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Көп жылдан бері «Алтын орда» базары маңынан таңертең және кешкі уақытта көлікпен еркін өту мүмкін болмай келеді. Қалаға кіріп шығатын дәлізде күн сайын көлік кептелісі болады. Бұдан жүргізушілердің әбден ығыры шықты. Қазіргі уақытта жобаның 70 проценті аяқталыпты. Енді екі көпірді бітіру ғана қалды дейді мердігер мекеменің мамандары.

«Көпірдің ұзындығы - 600 метр. Оның бір жақ бағытындағы жұмыс аяқталып қалды. Қалған 80 метріне бетон құю мен асфальт төсеу жұмысы жуық арада бітеді. Енді Алматыдан облысқа баратын бағыттағы екінші көпір жасалып жатыр. Монолиттік жұмыс біткен соң қөпірдің жақтаулары орнатылып, жарықтандыру жасалады», - дейді құрылыс жобасының жетекшісі Исмет Әбілов.

Сондай-ақ қазіргі уақытта «Қазавтожол» мекемесі Алматы-Ұзынағаш бағытындағы 42 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал «Алтын орда» базарының алдындағы жолмен күн сайын қалаға 40 мыңға жуық автокөлік кіреді. Енді бір айдан кейін бұл жол құрылысы толық аяқталады дейді министрдің орынбасары.

«Осы қазанның аяғына дейін осы жердегі он жолақ бітеді. Алматы қаласында қараша айында да жұмыс істеуге болады. Сапасын қарап отырамыз. Тексеріп отырады», -деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Бұған дейін де Үкімет басындағылар елдің жүйкесін жұқартқан «Алтын орда» жолын 2020 жылдың соңында пайдалануға береміз деп уәде еткен еді. Бірақ ол уәде орындалмаған. Бұл жолы жоспар уақытында іске асса, бірнеше шақырымға созылған кептеліс сейіліп, ел де алғысын айтар еді. Жалпы биыл елімізде 6 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталған. Соның 2200 шақырымы биыл аяқталады.