«Алтын орда» базарында бәсекелестікті қорғау талаптары өрескел бұзылған – агенттік

«Алтын орда» базарында бәсекелестікті қорғау талаптары өрескел бұзылған – агенттік
Сурет: Tengrinews.kz

«Алтын орда» базарының сауда нарығына қатысты бәсекелестік заңнаманы сақтауды тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, биылғы наурыз айында Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департаменті «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-ның қызметіне тексеру жүргізген. Тексеру барысында сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігінен 15 000 теңге, КАМАЗ және MAN автокөліктерінен 7000-8000 теңге, Sprinter автокөлігінен 6000-7000 теңге, ГАЗель автокөлігінен 5000 теңге, жеңіл автокөліктерден 3500 теңге екені анықталды. Осыған орай, Алматы облысы бойынша монополиямен күрес департаменті сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізген. Талдау нәтижесі бойынша «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 100% үлесімен монополист екені, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны анықталған.

«Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материалдар Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды», - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.