«Алтын орда» базарында 1,6 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталды

«Алтын орда» базарында 1,6 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталды
7kun.kz

Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарының қызметін тексеру барысында 1 млрд 600 млн теңге көлеміндегі заңбұзушылық тіркелді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алтын орда» - еліміз бойынша ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі базарлардың бірі. Аумағы - 28-29 гектар. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура еліміздегі сауда орындары мен базарлардың қызметін тексеруді міндеттеді. Осы орайда, барлық өңірде арнайы топ құрылды. Оның құрамына жергілікті әкімдік, салық, сауда департаменті, бәсекелестікті қорғау және даму департаменті мен басқа да құзырлы орган өкілдері кірді. Осылайша «Алтын орда» базарының қызметін 70 адамнан тұратын топ тексерді. Тексеру барысында 1 млрд 600 млн теңге көлеміндегі кемшілік табылды», - деді Айдар Әбілдабеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тексеру қорытындысы әлі толық шықпаған.

«Айтар болсақ, кейбір нысандар заңсыз салынған. Аталған базарды тексерудің толық қорытындысы бізге әлі келмеді. Өйткені, жұмыс ауқымды. Менің айтып отырғаным - алғашқы деректер», - дейді ол.

Министрлік өкілі келтірген статистикаға сәйкес, бүгінде елімізде 761 базар бар, оның 515-де азық-түлік сатылады.