«Алтын Орда» базары жанындағы жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады

«Алтын Орда» базары жанындағы жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады
Сурет: Sputnik.kz

Жүргізушілер «Алтын Орда» базары маңындағы жаңа көпірдің жағдайына шағымданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде жүргізушілердің бірі «Алтын Орда» маңындағы жолайрықтың сапасын көрсеткен видеосын жариялады. Бейнежазбадан шұңқыр мен кедір-бұдыр жолды байқауға болады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Алтын-Орда» базары маңындағы Алматы-Бішкек тас жолының Райымбек-Алматы учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын мәлім етті.

«Биыл бұл нысанда қалған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде: қиыршықтас-мастика асфальтбетон жабынының үстіңгі қабатын жабу,жаяу жүргіншілер өткелдерінде полигаль шатырды және лифтілерді орнату, темірбетон және тосқауыл қоршауларын бояу, сондай-ақ жол белгілерін қою. Нысандағы жұмыстарды толық аяқтау 2022 жылға жоспарланған», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, компания өкілдері жақында құрылысшылар жолдың екінші, негізгі қабатын төсейтінін айтты.

«Бұл ретте, қиыршықтасты-мастика асфальтбетонның соңғы үстіңгі қабатын монтаждау бойынша бұл учаскелер тұтас болуы үшін төменгі қабат фрезерленіп, қайта асфальтбетон төселеді», - деп атап өтті компаниядағылар.

Еске салайық, «Алтын Орда» базарының жанындағы эстакада былтыр желтоқсан айында ашылған болатын.