Алты жүз мыңға жуық қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды

Алты жүз мыңға жуық қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды
Сурет: Gov.kz

Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 84,7 млрд теңге бөлінген.

Табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларына әлеуметтік топтама беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

1 мамырдағы мәлімет бойынша 111,4 мың отбасындағы 571,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға беріледі.

Сондай-ақ, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру аясында барлық өңірде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балалары кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.

1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 144,6 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, деді еңбек министрлігі.

Еске салсақ, биыл қаңтар айында төтенше жағдай режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы 1 тоқсанға автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте атаулы көмекке енді іліккендер Электронды үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.