Алматы жылу жүйесi жаңа оқу орталығының жұмысымен танысты

Қала әкiмi Бауыржан Байбек Алматы жылу жүйесiнiң жаңартылған оқу орталығында болды. Мұнда бiр жыл iшiнде жылу, энергетика кәсiпорындарының 900 қызметкерi жетi сала бағыттары бойынша кәсiби бiлiмдерiн жетiлдiре алады. Орталық мегаполистiң Медеу ауданындағы «Алматы жылу жүйесi» ЖШС өндiрiстiк базасында ашылды.
Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының мәлiметi бойынша жылу, энергетика қызметкерлерiнiң бiлiмiн жетiлдiретiн жаңа оқу орнының ашылуы бiлiктi кадрлар тапшылығын жоюдың қажеттi әрi заманауи қадамы болып табылады. Жаңа орталықтың базасында бiлiктi қызметкерлер құрамын 30%-ға арттыру жоспарланған. Сабақ оқылатын аудиториялардың санын екi есе ұлғайту барысында жаңа орталықта күнiне 50-ден аса адам бiр мезетте дәрiс алады.
Болашақта жаңа оқу орталығында ПИК қызметкерлерiн қоса есептегенде, ТҮКШ-тың 600 маманы қайта даярланады, жеке сервистiк ұйымдар өкiлдерi де бiлiмдерiн жетiлдiре алады, оқу бiтiргендерге арнайы сертификаттар табыс етiледi. Бекiтiлген оқу кестесiне сай жаңа орталықта жер асты жылу жүйелерi мен жылу нүктелерiн, түрлi қондырғыларды жөндейтiн слесарьлар, насосты қондырғылар машинистерi, жылу нүктелерiнiң операторлары, электротехникалық қызмет жұмысшылары кәсiби дайындықтан өтедi.
Жаңа оқу орталығында бiлiм алғандар заманауи автоматтандырылған жылу нүктелерi мен жылу желiлерiнде жұмыс iстеудiң түрлi әдiстерiн меңгередi, гидравликалық режимде жұмыс iстейтiн қондырғыларды еркiн меңгерiп, насосты стансаларды басқарудың ерекшелiктерiмен танысады. Бұлардан өзге, оқу курсына қатысқандар жылумен қамтамасыз етудiң және энергияны тұтынуға сараптама жасаудың экономикалық режимдегi әдiстерiн игередi. Орталықтағы кәсiби бiлiмдерiн толықтырушы мамандарға тәжiрибелi шеберлер, оқытушылар заманауи оргтехниканы, қондырғыларды, макеттер мен зертханаларды ұтымты пайдалана отырып, сабақ бередi.
«Ақшам-ақпарат»