Алматыда VII шақырылған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

Сессияда мәслихат хатшысы және жаңадан құрылған тұрақты комиссиялардың төрағалары сайланды, сонымен қатар «Алматы-2025» даму бағдарламасы бекітілді.

Сессияны Алматы қаласындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова ашты. Оның айтуынша, сайлау қорытындылары бойынша мәслихаттағы орындар мынадай болып бөлінген: Nur Otan партиясы — 29 орын (68,11%)  , «Ақ жол» партиясы — 4 орын  (10,11%), Қазақстанның Халық партиясы — 3 орын (7,7 %)  , «Ауыл» партиясы — 3 орын (7,68%).

Ж.Асанова сайланған депутаттарды құттықтап, оларға VII шақырылған Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының куәліктері мен төсбелгілерін тапсырды.

Қалалық мәслихаттың бірінші сессиясының төрағасы сайланғаннан соң күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде VII шақырылған Алматы мәслихатының хатшысы болып депутат Станислав Канкуров бірауыздан сайланды.

Екінші мәселені талқылау барысында тұрақты комиссиялар құрылды және олардың төрағалары мен мүшелері сайланды.

Мәслихат депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» Стратегиясында  мегаполистің  ғаламдық, өмір сүру мен жұмыс істеу үшін тартымды қалаға әрі Орталық Азияның зияткерлік және мәдени астанасына айналуы тиіс екені нақтылы көрсетілгенін атап өтті.

Стратегияға сәйкес «Шеті жоқ қала», «Ақылды» қала, «Тең мүмкіндіктер қаласы», «Қауіпсіз қала», «Жасыл қала», «Жаһандық іскерлік орталығы», «Мәдени креатвиті қала» тұжырымдамаларына баса назар аударылатын болады.

Стратегияны тиімді жүзеге асыру үшін келесі тұрақты комиссиялар мен олардың басшылары ұсынылды:

  1. Стратегиялық жоспарлау, бюджет және тиімділік жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі қаржыгер, «Алматы» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Білісбеков Асқар Ерғалиұлы;
  2. Көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі жол салушы және коммуналшы, «Жол-Транссервис 2006» мекемесінің бас директоры Талбидинов Есенгелді Закірханұлы;
  3. Қала құрылысы, тұрғын үй және жерді пайдалану жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі құрылысшы, «DWS group» компаниясының директоры Финогенов Максим Владимирович;
  4. Кәсіпкерлікті, инновацияны, ақпараттық технологияларды және креативті индустрияны дамыту жөніндегі комиссия, басшысы – танымал кәсіпкер, «Tanmedia Group» Директорлар кеңесінің төрағасы Байтасов Арманжан Мерекеұлы;
  5. Жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Шимашева Рахат Сейдахметқызы;
  6. Әлеуметтік-мәдени даму, жастар және қоғамдық коммуникациялар жөніндегі комиссия, басшысы – танымал жас өнер қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлы.

Қаланың өзекті мәселелерінің бірі – экологияға ерекше маңыз берген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев депутаттарға Экология, туризм және қоғамдық кеңістікті дамыту бойынша жаңа комиссия құрып, оның басшылығына азаматтық сектордың тәжірибелі өкілі Алтынай Орманқалиқызы Көбееваның кандидатурасын  ұсынды.

Дауыс беру нәтижесінде тұрақты комиссиялардың жұмысын қайта форматтау және жаңа, жетінші комиссияны құру туралы ұсынысты VII шақырылған Алматы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдады.

Сессия барысында «Алматы-2025» даму бағдарламасы да қабылданды. Қала мәслихаты екінші сессиясының төрағасы сайланды.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *