Алматыда кәсіподақтар тарапынан бақылаушылар штабы құрылды

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бүгін «Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының 2021 жылғы сайлауын бақылайтын штабы құрылды.
Штаб құрамына салалық және жергілікті кәсіподақтар филиалдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатарынан 16 мүше енді. Штабқа «Ұстаз» қалалық жергілікті кәсіподағының төрағасы Серікжан Қадыралынұлы Байғұтдинов жетекшілік етеді.

2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы осы сайлауға бақылаушы ретінде қатысу туралы мәлімдеме жасады.
«Екі миллионға жуық мүшесі және бүкіл ел бойынша кәсіподақ ұйымдарының кең желісі бар федерация сайлаудың ашық, әрі айқын өтуіне бақылау жасай алады. Алда екі міндет тұр – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді. Біріншіден, азаматтардың өз еркімен үн қосу құқығы жұмыс беруші өкілдерінің қысымымен бұзылмауы маңызды. Екіншіден, сайлау процесі елдің заңнамасына сәйкес жүргізілуін қадағалайтын боламыз», — деді штабтың ашылу басқосуында сөз сөйлеген С.Байғұтдинов.
Негізгі міндет — адамның таңдау еркіндігі бойынша конституциялық құқығын қамтамасыз ете отырып, байқаушылардың ашық, адал және айқын жұмысын ұйымдастыру.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі дауыс беру барысында мегаполистегі 715 мүшелік ұйымнан тұратын барлық сайлау учаскесін қамтуды жоспарлап отыр. Коронавирус індетіне байланысты ахуалды ескере отырып, әр сайлау учаскесінде бір-бірін алмастыратын екі кәсіподақ өкілі ұсынылады.
С.Байғұтдинов Алматыдағы салалық және жергілікті кәсіподақтардың барлық филиалы ҚР Кәсіподақтар федерациясының алдағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысу туралы үндеуін қолдағанын атап өтті.
«Бүгін сайлаудың ұйымдасқан, ашық және транспарентті өтуі үшін ниет біріктіріп отырмыз. Біз үшін барлық азаматтарымыздың кәсіподақтар тарапынан үлкен қолдауды сезінуі маңызды. Ұжымдардағы кездесулер кезінде әр адамның өзі қалаған кандидатқа таңдау жасау құқығы бар екендігі туралы ақпараттар беру қажет. Бізде Қазақстан Президентін сайлау бойынша бақылаушы болған тәжірибеміз бар. Біз бұл сайлауды да тыныш, қалыпты және достық жағдайда өткізе аламыз», — деді ол.
Штаб кәсіподақтардан құрылған бақылаушылар жұмысын үйлестіре отырып, негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл — оқыту, ұйымдастыру жұмыстары және БАҚ-пен өзара байланыс орнату.
Мұнда халықаралық бақылаушылармен және шетелдік журналистермен кездесулер өтеді. Жоспарланған іс-шаралардың бірі — аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мүшелерінің қалалық ұйымдардың ұжымдарымен және жұмыс берушілермен кездесулер өткізу. Сондай-ақ, штабта кәсіподақтар бақылаушыларымен алдағы сайлау процестерінің ашық және айқын өтуін қамтамасыз ету жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.
С.Байғұтдинов қаладағы Желтоқсан көшесі, 37 А мекен-жайында орналасқан штабтың барлық жұмысы БАҚ пен әлеуметтік желілерде көрсетілетінін атап өтті.
Штаб жанынан бақылаушылар мектебі жұмыс істейтін болады. Оқыту мен тренингтер онлайн-режимде немесе тыңдаушылардың белгілі санымен және барлық санитарлық нормалар сақтала отырып, үлкен мәжіліс залында офлайн-форматта өтеді. Тәжірибелі дәріскерлер кәсіподақтардың бақылаушыларын ҚР-ның Сайлау туралы Заңымен таныстырады, сайлауда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді, олардың құқықтары мен міндеттері туралы айтатын болады. Сондай-ақ, пандемия кезіндегі сақтық шаралары бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *