Алматыда 20 мыңнан астам оқушысы дәстүрлі форматта оқиды

Алматы қаласы білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг барысында 2020-2021 оқу жылында 1-5 сынып аралығындағы оқушыларды оқыту форматы туралы мәлім етті

Оның айтуынша, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 2 наурыздағы №6 қаулысына сәйкес 1-5 сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектепке барып оқитын болды. Сыныптағы балалар саны 25 адамнан аспау керек және санитарлық-эпидемиялық режим қатаң сақталуы қажет. Ал, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшірілді.

«Қазір мектептерде аралас оқытуға 1-4 сыныптардан — 19 050 оқушы, 5 сыныптың – 1593 оқушысы көшті. Білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген,- деді Қайрат Жұманов.

Алматыда 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік мектеп болса, 71-і жеке меншік.

2020-2021 жылғы оқу жылы басталғалы оқушылардың басым көпшілігі пандемияға байланысты қашықтан оқыту форматында білім алған еді. Тек, ата-ананың өтініші бойынша бастауыш сыныптарда кезекші топтар ашылған. Оқу жылының екінші тоқсаны аяқталғанда 9, 11 және 12 сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат берілді.

« Мектептердің қызметі санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Қаланың барлық мектептері санитарлық қауіпсіздік дезинфекциялық құралдарымен (тоннелдер, санитайзерлер, тепловизорлар, аяқ киімге арналған кілемшелермен 100% қамтамасыз етілген»,- дейді спикер.

inform.kz

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *