Алматы бір жыл ішінде 900 мыңға жуық туристерді қабылдай алады

Хайырболат ХАЙДАРОВ, Алматы қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы: Алматы бір жыл ішінде 900 мыңға жуық туристерді қабылдай алады

– Алматы – Қазақстандағы туристер ең көп келетін мекен. Ал Азиада қарсаңында Алматыға нақты қанша қонақ келді?

– Қонақтарға спортшылар мен жаттықтырушыларды қоспағанның өзінде, Алматы қаласының туристік компаниялары 2000-ға жуық туристерге қызмет көрсеттік деп отыр. Ал, бейресми деректер бойынша қалаға қанша қонақ келгені белгісіз.  Шаһарымызға 2008 жылы 700 мың туристер келген екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Ал, биылғы көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін.  Алдын-ала болжамдар бойынша биыл туристік фирмалар 800 мыңға дейін туристерді қабылдауды жоспарлап отыр.

– Алматы қаласы бір жылда қанша туристі қабылдауға әзір? Жалпы, Алматыға ең көп туристердің келген кезі деп қай мерзімді айта аласыз?

– Қазіргі қаладағы жұмыс істейтін инфрақұрылымдарға сай мамандар Алматы бір жыл ішінде 900 мыңға жуық туристерді қабылдай алады дейді. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Ал, Алматыға туристердің ең көп келетін уақыты – жаз мезгілі.

– Азиадаға арналған нысандардың құрылысы әлі толықтай аяқталды деп айту қиын. Соның жалғасы қалай болуда?

– Қазіргі уақытта тек қана Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының екінші кезегі және Халықаралық шаңғы трамплиндер кешені құрылысының аяқталуы ғана қалып отыр. Қалған нысандар Азиада басталмай жатып жұмысын аяқтаған болатын.

– Алматыға келетін туристердің дені Түркия елінің азаматтары екен. Бұл жағдай әлі де осылай қалыптасып келе ме?

– Сөзіңіздің жаны бар. Қанша дегенмен, Түркия бауырлас елдердің қатарына жатады ғой. Оның үстіне, қазақстандықтар үшін Түркияға барған, ал, түріктер үшін Қазақстанға келген пайдалы. Себебі, бүгінде Еуропа қалаларына бару үшін қомақты қаражат керек. Өткен жылы Алматы қаласына келген туристердің ішінде 7 213 адам – Түркиядан, 5 309 адам – ТМД елдерінен, 5 478 адам – Германиядан, 5 245 адам – АҚШ-тан, 4 259 адам – Қытайдан келген.

– Бірер жыл ішінде Алматыдағы көші-қон сальдосы кеміп кеткен көрінеді. Яғни, қалаға келушілер азайып, кетушілер көбейген. Бұған ең біріншіден әсер етуші қандай факторлар?

– Бұл деректердің барлығы уақытша болуы мүмкін. Өйткені, Алматы халқының алатын жалақылары өсіп, өмір сүру деңгейі едәуір жақсаруда. Қазақстандағы ең жоғары өмір сүру деңгейі де осы Алматы қаласында. Бұл жағдай туризмге деген сұраныстың арта түсуіне себепші болуда.

– Азиада қарсаңында спорттық нысандардан бөлек туристер қай жерлерді көп аралады? Жалпы, Алматыға туристерге арнап қандай нысандар салу көзделіп отыр?

– Азиада қарсаңында Алматыдағы туристік фирмалар қала аралап, шолма экскурсиялар ұйымдастырған болатын, (Мемлекеттік орталық музей, 8 гвардияшы-панфиловшылар паркі, Республика Сарайы, М.Әуезов атындағы театр, Абай атындағы опера балет театры және т.б). Туристер спорт нысандарынан бөлек мәдени орындарда көп болды деп айтуға болады. Ал, келешекте туристерге арналып қандай істер атқарылып жатыр дегенге келер болсақ,  бүгінде «Көк Жайлау» тау-шаңғы курортын дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленуде. Сонымен қатар «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық паркі және  «Верный қамалы» архитектуралық кешенінің іске қосылуы біраз адамның қызығушылығын арттыруы мүмкін. Сондай-ақ, автотуристер үшін төменгі бағамен қала маңында жазғы шатырлы лагерлер құрылысын салу көзделіп отыр.

– Алматыдағы жаңадан салынған трамплин кешені болашақта ойын-сауық орталығына айналады делінген еді. Мұндай жобалар Азиaдаға кеткен шығынның белгілі бір пайызын қайтарып алуға септігін тигізе ала ма?

– Бұл нысан, ең біріншіден, спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындау үшін салынған, сондықтан да болашақта бұл жерде спортшыларымыздың оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сонымен қатар, бұқаралық-мерекелік іс-шараларды да өткізу ойда бар. Бүгінде халықаралық трамплин кешенінде оқу-жаттығу жиынынан өтетін спортшыларға арналған бассейн, асхана, жаттығу залы сияқты қосымша құрылыстарды салу көзделуде. Келешекте мұнда деңгейі жоғары жарыстар өткізу арқылы Азиaдаға кеткен шығынның белгілі бір пайызын қайтарамыз деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Жандос БАЙДІЛДА.

•Керек дерек

Алматы қаласының Статистика департаменті 650 адам арасында қаладағы туризм саласына байланысты сауалнама жүргізді. Олардың 150-і – шетелдіктер болса (23,1 %), 500-і – қазақстандықтар (76,9 %) екен. Қала қонақтарының жауабына сәйкес, олардың 34,8 пайызы бос уақытын өткізу үшін және кезекті еңбек демалысын алғанда келетінін айтқан. Ал, 32,9 пайызы таныстары мен туыстарын аралау үшін Алматыға ат басын бұрады екен. Қалған 32,3 пайызы іскерлік және қызметтік жұмыстармен келеді екен. Сондай-ақ, олардың 53,7 пайызы Алматыға әуе көлігімен келетін болса, 34,7 пайызы теміржол көлігімен жеткен. Ал, автобустармен келетіндер небәрі 3,1 пайызды құрайды, қалған қонақтар өзінің жеке көлігімен келгенді жөн санайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *