Жәдігер Әбдірахманов: Жүрегіңнің мықтылығы да, патриоттық сезімің де осындай кезде таразыға түседі

Жәдігер Әбдірахманов: Жүрегіңнің мықтылығы да, патриоттық сезімің де осындай кезде таразыға түседі
almaty-akshamy.kz

Ел іші, оның ішінде Алматы да қалыпты тіршілігіне оралуда. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, әлі де арқаны кеңге салатын уақыт емес. Құқық қорғау органдары міндеттерін бұрынғыдан да күшейтіп, сапта кірпік қақпай ел тыныштығын күзетіп сақ тұр.

Кешегі ел басына қара бұлт төнген сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің офицерлері мен сарбаздары да алдыңғы шепте жүрді. Өкінішке қарай, жарақаттанғандар да бар. Олардың арасында Алматыдағы 7552 әскери бөлімінің сарбазы қостанайлық Жәдігер Әбдірахманов та бар. Қазір ол әскери бөлімдегі лазаретте ем қабылдап жатыр. 

– Бізді 4  қаңтарға қараған түні сағат 1-лер шамасында шұғыл дабылмен Алматы көшелерінде орын алған жаппай тәртіпсіздікті ретке келтіру мақсатындағы жауынгерлік қызметті орындауға жинады. Жүктелген әскери міндетімізді орындап, кері қайтып келе жатқанымызда, біз отырған «КамАЗ» көлігіне шабуыл жасалды. Көлікке сырттан тас, бөтелкелер жаудыра бастады. Бір кезде кузовқа түтіндеткіш граната лақтырды. Бәріміз көліктен жедел түсуге ыңғайлана бастағанымызда, бір топ адам лап қойды да, бас-көз демей төпелеп ұра бастады. Басымнан қатты соққы алған мен есімді жоғалтыппын. Есімді жисам, әлдебір қонақүйде жатыр екенмін. Мені сол маңда орналасқан қонақүйге бейбіт тұрғындардың кіргізіп алып, алғашқы медициналық көмек көрсеткендерін білдім. 
Мен Ұлттық ұланның сапында жүргенімді, ел басына осындай қиындық түскен сәтте командирлерімнің тапсырмасына және халқыма адал болғанымды мақтан етемін. Шыны керек, бейбіт өмірдің қадірін осындай сын сағатта сезінеді екенсің. Және де жүрегіңнің мықтылығы да, патриоттық сезімің де осындай кезде таразыға түседі. Біздің жігіттердің бәрі мықтылығын көрсетті. Дегенмен, енді мұндай жағдай қайталанбасын деп тілейміз, – дейді қатардағы жауынгер Жәдігер Әбдірахманов. 

Еске сала кетейік, қазір мегаполистегі жағдай тұрақты. Қалада сағат түнгі 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін коменданттық режим енгізілген.