Алматыға ауыл көшіп келгендей
Наурыз шаһардың сегіз ауданын да бір құшағына сыйғызды

Нұржамал ӘЛІШЕВА
Тарихи тамыры тереңде жатқан әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Алматы биыл да Наурыз мерекесін айшықты көріністерімен қарсы алды.
Көктемнің саумал самалы
Алматы шаһарының Наурыз мейрамы қайта жаңарған Астана алаңынан бастау алды. Ерекше ою-өрнектермен көмкерілген үлкен сахнаға зерлі камзол, бүрмелі көйлек киген сан һәм сән қыздар дала гүлдері құсап жайқала, мың бұрала билеп шыға келгенде, көз алдымызға қазақтың бүкіл даласы, жап-жасыл жайлауы көшіп келгендей әсерде болғанымыз рас.
Қар көбесі сөгіліп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесе жеткен Наурыз мейрамы, ұлтымыздың меймандостық, молшылық, бауырмалдық, кішілік һәм кісілік сияқты бітім-болмысы сахналық композиция арқылы әсерлі көрініс тауып, жүректен жүректерге жол тауып жатты.
НАУРЫЗ – ЖЕР АРҚАСЫ КЕҢІП, КҮЛЛІ ТІРШІЛІК ҚАЙТА ТҮЛЕЙТІН ТАБИҒАТ МЕРЕКЕСІ.
Жаңа жасыңмен, Ұлы далам!
Қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек Наурыздың адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған ғажап мереке екенін атап өтті.
– Биыл халқымыздың Наурыз мейрамымен қайта қауышқанына 30 жыл толып отыр. Кеңес дәуірінде тойлауға тыйым салынған ұлттық мерекеміз 1988 жылдың көктемінде бір топ ұлт зиялыларының бастамасымен сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Наурыз мейрамы болып осы Алматыда қайта жаңғырды. Бұл жөнінде Елбасы «Наурыз – ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше ұлық мерекеміз жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы» деп атап өткен болатын, – деді шаһар басшысы.
Б.Байбек Алматыдай айтулы мегаполистің кешегісі мен бүгініне тоқталып, жетістіктер мен жеңістерге шолу жасады. Тойға жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады. Әр шаңыраққа береке-бірлік, қуаныш, шаттық тіледі.
Астана алаңын Роза Рымбаева, Саят Медеуов, Ақылбек Жеменей, Серік Ибрагимов сынды танымал әншілер мен «Досмұқасан», «Үркер», «МұзАрт», «Қоңыр», «Назар» топтары әсем әнмен тербеді. Өзіміздің отандық эстрада жұлдыздарымен қатар, он екі елдің шығармашылық ұжымдары, соның ішінде Үндістаннан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан мен Пәкістан, Қырғызстаннан келген өнерпаздар да ән-жырдан шашу шашып, тілектестіктерін білдірді.
НАУРЫЗ – ӘН-КҮЙМЕН, ОЙЫН-САУЫҚПЕН ЖАНДЫ ЖАДЫРАТЫП, САНАНЫ СЕРПІЛТЕТІН КӨҢІЛ МЕРЕКЕСІ.
Мейірім құндақтаған қызғалдақ
Үлкен алаңдағы үлкен сахнаның қарсы алдындағы орындықтарда «Шақыру билетімен» жайғасқан, елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, ардагерлер, құрметті қонақтар отырды. Ал сахнаның екі қанатында думанды көруге жиналған ел-жұрт тұр. Сол ел-жұрттың арасында қарапайым ғана қазақ апа да тұр, анығы – отыр, қоларбада.
Бір кезде сахна жақтан құлпыра өскен қызғалдақтар құшақтаған жүздеген волонтер қыз-жігіт шыға келді де, гүлдерін ұсынуға шақыру билетімен келген үлкен меймандарға қарай ағылды.
Кенет, айналайын жүрегі үлкен бір бойжеткен жолындағы қоларбадағы апаны байқап қалып, құшағындағы бір тал қызғалдақты ең бірінші сол кісіге ұсынып кетті.
НАУРЫЗ – МЕЙІРІМ МЕН ІЗГІЛІКТІҢ, ҮМІТ ПЕН СЕНІМНІҢ МЕРЕКЕСІ.
Мерекеде 25 тонна наурыз көже пісірілді
Оңтүстік шаһардың жаңадан салынып, көркейіп, жүргіншілер жолы кеңейтілген Арбаты көктемгі мерекелік серуенге шыққан ағайынға лық толды. Панфилов және Жібек жолы көшелерінде ұйымдастырылған мәдени-рухани, спорттық іс-шаралар да бірінен-бірі асып түсіп жатты.
Дәл осы жерде ұлттық және әлемдік тағамдар фестивалі өтті. Қызығушылық танытқандар әзербайжанның лаваштағы палауын, пахлаваны, түріктің шпинатты берегін, үндінің «тандай» сусынын қалай дайындауға болатындығын үйреніп жатты. Қыштан жасалған, зергерлік, түрлі қолөнер бұйымдар жәрмеңкесі де жұрт назарынан тыс қалған жоқ.
Театрландырылған көш-керуен де ел алдынан сән-салтанатымен өтті. Суретшілердің пленэрлері, спорттық сайыстар, жастар арасындағы авторлық ән байқауы, балалар ойындары, өлең оқу, би нөмірлері, алтыбақан тепкен қыз-жігіттер де Наурыз нақышын айқындай түсті.
Қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже таратылды, ыстық бауырсақтар ұсынылды. Осы орайда айта кетейік, биыл Алматы әкімдігі 25 тонна наурыз көже, 25 тонна бауырсақ пен 5 тонна палау әзірледі. Бұл тағамдардың бәрі санитарлық ережеге сәйкес дайындалып, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қатаң бақылауында болды.
НАУРЫЗ – АДАМДАРДЫҢ БІР-БІРІНЕ ДӘМ ТАТҚЫЗЫП, ДАСТАРҚАН БАСЫНДА БІРГЕ ОТЫРАТЫН ЫНТЫМАҚ-БІРЛІК МЕРЕКЕСІ.
Жүзін күн сүйген балақай
Шырайлы шаһарда күннің кірпігінен шуақ төгілген бұл күні ешкім үйінде отырмаған сияқты әсерде болдық. Өйткені, көше толған кәрі-жас. Күннің шуағына, көктемнің самал желіне бетін төсеп, жақсылыққа ұмтылған көпшілік аса көңілді. Тіпті, уысындағы желмен жарысқан шардың ұзын қозғалысына мәз бола шықылықтай күлген кішкентай сәбилер де Наурыздың сән-салтанатын жұдырықтай жүректерімен сезіне білгендей. Жүздерін күн сүйген балдырғандар көк шөптің үстінде арқаны кеңге сала құлдыраңдап жүгіріп жүр.
Дарын деген балақайды сөзге тартқанымда, бұл күні өзіне ең ұнағаны бүркіттер екенін айтты. Сосын «наурыз көже іштім, дәмді екен» деп мәз болды еркелей.
Иә, қолына бүркітін қондырып, тазы-құмайын ерткен құсбегілеріміз де, ауыздығымен алысқан тұлпарлар да, оларды ерттеп мінген, «қымыз – қаным, жылқы – жаным» дейтін қазақтың марқасқа жігіттері де кішкентай қала баласының мақтанышын оятқандай.
Киіз үйдің түбінде жүн түтіп, арқан есіп, әндеткен апа-әжелеріміз де жарасып отыр. Боз кілемде белдесіп жатқан қазақтың апайтөс жігіттері мен биік бөрене басына ілінген сыйлыққа жетемін деп өрмелеген епті ұлдарымыз да көптің делебесін қоздырып, шабыттандырып, мейрамның келбетіне өрнек қосқаны анық.
Айтпақшы, Астана алаңындағы той-думаннан «Алматы» телеарнасы тікелей трансляция жасады. Бұдан соң Наурыз Алатау ауданындағы «Атлеттер ауылы» мен «Алматы аренада» жалғасын тапты.
Жалпы, Алматы шаһарында Наурыз тойы бір-екі күнмен ғана шектелмей, бір ай бойына, 22 сәуірге дейін жалғасып, 150-ден астам іс-шара өтетін болады.
Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!
ЖАҢА ЖАСЫҢМЕН, ҰЛЫ ДАЛАМ!