Алматыда өнер сүйер қауымның назарына «Аққу көлі» балеті ұсынылды

Алматыда өнер сүйер қауымның назарына «Аққу көлі» балеті ұсынылды
Сурет: Ruh.kz

Аталған туынды соңғы рет осыдан бес жыл бұрын қойылған

Бұл жолы өнер туындысын жаңа қырынан танытты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Екі актіден тұратын спектальде адалдық пен жауыздық, махаббат пен сатқындық күресі көрініс табады.  

«Өмір ешқашан бір түсті болған емес, әрқашан түрлі реңкке ие, өмірде адалдық пен махаббат та, сатқындық пен зұлымдық та кездеседі. Бұл балетте барлығы көрініс тапқан. Аққу – тазалықтың, нәзіктіктің нышаны, лирикалық бейне», – дейді балеттің жетекші солисі Айнұр Мұқашева.

Айта кетейік, таңдай қақтырар бұл туындыны Петр Чайковский 1877 жылы жазған. Сол уақыттан бері әлемдік деңгейдегі хореографиялық классиканың жауһарына айналған композиция түрлі нұсқада көпшілік көрерменнің назарына ұсынылып келеді. Бекзат өнерді тамашалуға келгендердің саны көп болды. Сахна декорациясы, суретшінің шығармашылық ізденісі мен қойылым талғамы биік көрерменді тәнті етпей қой­мады.  

«Болат Ғазизұлының нұсқасымен қойылған бұл туындының өзгелерден ерекшелігі – динамикасында. Араға 5 жыл салып, қайта сахналауымыздың себебі – қойылымды орындау үшін бастапқыда балет әртістері жетіспеді. Біз нағыз таланттарды іздедік. Жоғары деңгейде жұмыс істедік. Осылайша, көрермен кәсіби түрде дайындалған жұмыстың куәсі болды», – дейді балеттің көркемдік жетекшісі Дияр Ақенев.