Алматының ҚХА қалалықтарды COVID-19-ға қарсы вакциналануға шақырады

Алматының ҚХА қалалықтарды COVID-19-ға қарсы вакциналануға шақырады
Сурет: Vlast.kz

«Ең бастысы – халықтың вакциналануы. Басқа балама жоқ» - Алматының ҚХА қалалықтарға үндеу жолдады

Алматыдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жалпы иммундау бойынша түсіндіру науқанын қолдады және отандастарды вакциналануға белсенді түрде шақырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – жұртшылықтың назарын пандемияны тоқтатуға аудару. Ол үшін әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керектігі белгілі. Ең бастысы – халықтың вакциналануы. Басқа балама жоқ. Бұған мен жеке өзім көз жеткіздім, өйткені, көптеген таныстарым мен достарым коронавирустан қайтыс болды. Бұл қауіпті дерт ешкімді аямайды», - деді ҚХА қалалық филиалының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов. 
 

Ассамблея мүшелері еңбек ұжымдары арасындағы түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару керек деп есептейді. Вакциналанудан басқа, санитарлық дәрігердің басқа да талаптарын сақтау маңызды – бұл бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қолды таза ұстау. ҚХА мүшелері аталған шаралардың барлығын кешенді орындау ел экономикасына оң ықпал ететініне сенімді. 
 

«Мен жұмыс істейтін АКҚЗ-те жұмысшылардың 90%-ы вакциналанған. Бұл жарнама үшін емес, адамдардың қауіпсіздігі, лайықты жалақы алуы, отбасын асырауы үшін жасалды. Кәсіпорында Ashyq жүйесі енгізілген. Денсаулық пункті жұмыс істейді, қашықтық, бетперде режимі сақталады», - деді Ахметжан Шардинов. 
 

Қалалық ҚХА мүшесі Жәнібек Нәлібаев та қала тұрғындарын вакцина салдыруға, мүмкіндігінше, бұқаралық іс-шараларды, тойларды ұйымдастырмауға, оларды тоқтатуға үндеді. Ол барлық эпидемиологиялық талаптардың сақталмайтынын өкінішпен айтып өтті. Сондықтан халықтың денсаулығын қорғау үшін вакциналану қажет. Екпенің тиімділігі, қауіпсіздігі туралы жарияланымдарды оқу да пайдалы. 
 

«Илдаш» татар орталығының өкілдері азаматтардың түсінігін жетілдіру мақсатында жұмысқа эпидемиологтар мен инфекционистерді тарта бастады. Мамандар бейнебайланыс арқылы алматылықтарға иммундаудың артықшылықтарын түсіндіруде. Бұл туралы орталық басшысы Нұрия Ниязова айтты. Ол бұл шараның жалған мифтерді жоюға және халыққа сауатты кеңес беруге бағытталғанын атап өтті. 
 

«Құрметті алматылық тұрғындар, вакциналануға қарсылық білдірген спикерлерді тыңдағанда, олар дәлел ретінде келтіретін фактілерді міндетті түрде тексеріңіздер. Мұнда тек құзырлы деректерге, сауатты мамандарға ғана жүгінген жөн», - деді ҚХА қалалық филиалы төрағасының орынбасары Нұрия Ниязова. Ол өзінің вакциналанғанын және соның арқасында жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. 
 

Алматыдағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары Светлана Ананьева: «Вакциналанусыз біз қоғамда белгілі бір шекті деңгейге жете алмаймыз. Дертті жеңу үшін міндетті түрде екпе алған жөн. Инфекцияны жұқтырғандардың біреуінің жағдайы жеңіл, ал екіншісінікі ауыр болуы мүмкін. Тек вакциналану ғана қоғамды қауіпті дерттен және елімізді ауыр зардаптардан сақтайды», - деді. 

Еске салсақ, 2021 жылдың 23 тамыз күні жағдай бойынша коронавирустық инфекцияның 1 505 жаңа жағдайы тіркелді (жергілікті), оның 1 441 симптомдық белгілері бар және 64 симптомсыз. Барлық емделіп шыққандар – 1 035, келіп түскені – 582. Инфекциялық стационарларда жалпы саны 6 104 адам (оның ішінде 162 бала) емделіп жатыр. Жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде – 472. Бүгінгі таңда АМСК мен Телемедицина орталығы дәрігерлерінің бақылауында - 13 349 науқас. 

Өткен тәуліктерде 1-компонентпен 3 971 адам, 2-компонетпен 7 746 адам вакциналанды. 01.02.2021-23.08.2021 жыл аралығында қала бойынша 1-компонентті 845 957 адам, 2-компонентті 684 119 адам салдырды. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер 109 901 адамды құрайды.

Алматылықтарды вакциналануға шақырады. Қалада медициналық ұйымдарда, мәдениет, спорт объектілерінде, базарларда және қаланың СОСО-да 160 вакциналау пункті (250-ге дейін кеңейту мүмкіндігімен) жұмыс істейді. Құрамында 1 028 адам бар 237 екпе бригадасы жұмылдырылды.