Алматының шеткі шағынаудандарында жол салу мен жөндеу жұмыстары – ерекше бақылауда

Алматының шеткі шағынаудандарында жол салу мен жөндеу жұмыстары – ерекше бақылауда
Сурет: Zakon.kz

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде осылай деді.

Қала басшысы алматылықтардың сұрақтарына жауап бере келіп, ағымдағы жылы 100 шақырымнан асатын жаңа жолдарды салудың жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Белгілі болғандай, көптеген жылдар бойы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымсыз қалған Алматы облысының елді мекендердің қосылуына байланысты қала аумағы бірнеше рет ұлғайды. Жолдарды, сумен жабдықтау және судан бұру желілерін, балабақшаларды, мектептер мен емханаларды салуға барлық күш жұмылдырылғанын атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Бұл мәселе Алматы әкімінің тұрақты бақылауында.

2021 жылы Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы сегіз шағын ауданында жаңа жолдар салу жоспарлануда. Бұлар – Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Нұршашқан, Құрамыс, Әлмерек, Қайрат, Алғабас шағынаудандары. Осы шағынаудандардағы 415 көшеде ұзындығы 108 км жаңа жолдар салынатын болады.

Сонымен бірге Думан шағынауданындағы ұзындығы 30,5 км болатын 53 көшеде жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 5,6 км болатын 11 көшеде жұмыс аяқталды. Қалған 42 көшені аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін жоспарланған.

Бұдан өзге, ұзындығы 227,5 км болатын 225 көшеде жол жабынын жөндеу жоспарлануда. Қазіргі кезде 66 көшеде, оның ішінде 12 магистральды және 54 жергілікті маңызы бар көшелерде, жұмыс жүріп жатыр.