Алматының Наурызбай ауданының 70 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Алматының Наурызбай ауданының 70 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі
Сурет: Wcbu.org

Жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Бұл туралы Алматының Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді. Ол бұл мәселенің жергілікті атқарушы органдар үшін бірінші кезектегі маңызы бар екенін, әзірге тұрғындардың 30%-ы ғана таза ауыз сумен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Қалған 70%-ы ашық су қоймалары мен жеке скважинаның суын пайдаланады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Иә, жаз айларында ауыз судың тапшылығы сезіледі, сондықтан біз суды тұрғындарға арнайы техникамен жеткіземіз. Бұл қолайсыздықтарға тиісті жұмыстар аяқталғанша түсіністікпен қарауды сұраймыз», - деді Санжар Тоғай.

Әкім Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында қазіргі уақытта 122 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз желілерін тарту және Қарғалы өзеніне сүзу станциясын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Жұмыс аяқталған соң ауданның 70 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан өзге, Қарағайлы, Қарғалы және Таусамалы шағын аудандарының тұрғындарын үздіксіз және сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы өзенінде су қабылдайтын нысанның құрылысы басталды.

Бүгінде мұнда су қоры үшін әрқайсысы 4000 текше метр болатын екі су қоймасының, көлденең шұңқырдың, бақылау пункті бар кеңсе үй-жайларының блогының, кіреберіс жолдың және инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қолданыстағы су қабылдайтын қуаты 5440 тәу/м³, жобалық қуаттылыққа сәйкес 2,75 есеге 15 000 тәу/м3 дейін ұлғайту жоспарлануда. Жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Біз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша жұмысты әрі жалғастырамыз», - деп атап өтті Санжар Тоғай.