Алматының Медеу ауданында 45 көшенің жолдары жөнделіп, оннан астам «Бюджетке қатысу» жобасы іске асырылды

Алматының Медеу ауданында 45 көшенің жолдары жөнделіп, оннан астам «Бюджетке қатысу» жобасы іске асырылды
Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ауданның 2021 жылғы инфрақұрылымдық дамуы туралы айтып берді

Әсет Масабаевтың айтуынша, биыл Медеу ауданында ұзындығы 52,9 км болатын 45 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте кешенді жол жөндеу тек жүріс бөлігіндегі жөндеу жұмыстарын ғана емес, тротуарларды ұйымдастыруды да қамтиды. Келесі жылы жалпы ұзындығы 30 км болатын 32 көшені орташа жөндеуге өтінім берілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әсет Мұсабаев сондай-ақ Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісі қиылысында салынып жатқан көлік айрығында эстакада бойынша қозғалыс ашылғанын хабарлады. Құлжа трактісі бойынша екі бағытта көлік қозғалысы ұйымдастырылды.

Аудан әкімі қалада абаттандыру тәсілі өзгергенін, соңғы жылдары «Бюджетке қатысу» бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанын, соның арқасында тұрғындар мегаполистің сыртқы келбетін өзгертуге қабілетті қандай да бір жобаны іске асыруға дауыс бере алатынын атап өтті.

2021 жылы бағдарлама аясында Назарбаев даңғылы 176, 264, Достық даңғылы 95, 109, 111, "Самал" шағынауданы 1,2,3, Елебеков көшесі 29, Абдуллиндер көшесі 49, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта, Нүсіпбеков көшесі 19, Пушкин көшесі 3 бойынша тереңдетілген үлгідегі 50 контейнер алаңы орнатылды.

Сонымен қатар, тұрғындардың дауыс беру нәтижелері бойынша Мақатаев көшесі мен Мәметова көшесі арасындағы Төлебаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағына, Абылғазы өзені арқылы өтетін пандустары бар жаяу жүргіншілер көпірі мен баспалдаққа, "Алатау" шағынауданындағы серуендеу аймағына ағымдағы жөндеу, Шоқай көшесі бойынша тротуарды, ВОАД бойынша жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, "Алатау" шағынауданындағы Ардагерлер аллеясын, Медицина қызметкерлері аллеясын жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Луганский көшесінің бойында 70 және 80 үйлер арасында скейт-алаңдар, Төле би көшесінің бойында паркур алаңдары, Орманов көшесінде "Думан" жабық спорт алаңы, Құмай көшесінде балалар мен спорт алаңдары орнатылды. 2022 жылы тағы 20 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, ауданда 273 көшенің жарықтандырылуы жаңартылып, 10 614 шам орнатылды. Аудан әкімі биыл 60 аула аумағына ағымдағы жөндеу жүргізілгенін айтты. Жұмыстар аясында шағын сәулет нысандарын бояу жұмыстары жүргізілді, шамдар ауыстырылды, резеңке жабындар төселді, ағаштарды санитарлық кесу жүргізілді, воркаут снарядтары мен күштік тренажерлер орнатылды. Келесі жылы 40 ауланы ағымдағы жөндеуге өтінім берілді. Соңында ол "Самал-2" шағынауданындағы әл-Фараби даңғылы бойындағы 22 үйдің қасбеттерін жөндеу және 57 мыңнан астам ағаш отырғызу туралы баяндады.