Алматының Алатау және Наурызбай аудандарында Оқушылар сарайы салынуда

Алматының Алатау және Наурызбай аудандарында Оқушылар сарайы салынуда
Дворцы школьников строят в Алатауском и Наурызбайском районах Алматы

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мегаполисте білім беру, спорт және демалыс инфрақұрылымын дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Спикердің айтуынша, Алматыда әлі де мектептен тыс тегін білім берумен қамту төмен - жалпы контингенттің небәрі 9%-ы.

«Аталған мәселені шешу үшін Алатау және Наурызбай аудандарында екі жаңа Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Әрқайсысының қуаттылығы – 675 адам. Бұл нысандар қосымша білім беру және балалардың бос уақытын өткізу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді әкім орынбасары.

Балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы мәселесі де белсенді шешілуде.

Мұхит Әзірбаев биыл бюджет есебінен Наурызбай ауданының «Қалқаман-2», Алатау ауданының «Нұркент», «Мәдениет» және «Дархан», Түрксіб ауданының «Қайрат» шағынаудандарында бес мектепке, сондай-ақ №9, 48, 191 - үш мектепке қосалқы құрылыстың салынатынын атап өтті.

«Саялы» және «Зерделі» шағынаудандарында барлығы 1100 оқушы орынды екі мектеп, сондай-ақ қаланың алты мектебіне - №59, 112, 148, 103, 65, 97 қосалқы құрылыс салу жоспарланған.

«Мектепке дейінгі білім беру нысандары бойынша Наурызбай, Алатау, Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарында тоғыз балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 5 жылға дейінгі кезеңде мектептер мен балабақшалардағы тапшылықты жою жоспарлануда», - деді әкімнің орынбасары.

Әзірбаев спорт нысандарына қатысты мыналарды хабарлады.

«Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы аяқталуда. Бірінші жартыжылдықта Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) іске қосылады. Оларға бару барлық жас санаттары үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болады. ДСК-дерінде санатына қарай әмбебап спорт залдары, бассейндер, тренажер залдары, күштік дайындық, бокс және хореография залдары, үстел теннисіне арналған залдар және шахмат клубы болады», - деді спикер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Наурызбай, Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында тағы жеті ДСК жобалануда, олардың құрылысы жыл соңында басталады.