Алматылықтар қытайлық екпені алуына болады

Алматылықтар қытайлық екпені алуына болады
Сурет: Іnbusiness.kz

Нұр-Сұлтан мен Алматы емханаларына Қытайдың Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы жеткізілді.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, Алматыда 10 мың доза вакцина бар. Осы аптада тағы 35 000 доза қала тұрғындарына қолжетімді болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қазір Vero Cell вакцинасы қалалық емханаларға жеткізілді. Апта ішінде қаладағы барлық емхана Vero Cell вакцинасымен қамтамасыз етіледі. Вакцинаның қай орталықта бар екенін телемедицина орталығының  1312 нөміріне хабарласып білуге болады», – делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, вакцина бүгін Нұр-Сұлтанға да жеткізілді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, вакцина қала емханаларына, оларға бекітілген сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріне бөлінеді.

«Екпелер вакцинация пункттеріне жеткізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі. Бірінші кезекте вакциналар медициналық ұйымдарға қарасты егу пункттеріне жеткізіледі. Сауда орталықтарының егу пункттеріне вакцина бір тәулік ішінде болады», – деді қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Vero Cell вакцинасын 18 жасқа толған адамдарға салу ұсынылған. Vero Cell вакцинасының бір дозасы – 0,5 миллилитр. Вакцинаның екі дозасын салдыру ұсынылады. Екеуінің арасы 3-4 апта немесе 21-28 күн болуы қажет.