Алматылықтар екпе салдырудан рекорд жасады

Алматылықтар екпе салдырудан рекорд жасады
Сурет: 163.com

Қаламыздың тұрғындары бір тәулікте 11 мыңнан астам вакцина алған.

Алматыда вакцина алатын адамдардың тәуліктік көрсеткіші айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

24 сағат ішінде 11 мыңнан астам азамат екпе салдырған.  Вакцина алғандардың жалпы саны 433 000-нан асты, мегаполис вакцинация деңгейі бойынша әлі де көш бастап тұр. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, екпе салдырушылардың көбісі жастар.

«Бүгін таңертең 100-ге жуық адамға вакцина егілді. Біз вакцинацияға адамдардың өте белсенді түрде келе бастағанын көріп отырмыз. Бұл пандемияны тек ұжымдық иммунитеті қана тоқтатады деп ойлаймын», - дейді №30 қалалық емхананың бас медбикесі Гүлім Садақбаева.

Қарапайым қала тұрғындары да дәрігерлердің пікірімен келіседі. Алматылықтар вакцинация инфекцияның таралуын тоқтатуға және карантиндік шектеулерді жоюға көмектеседі деп санайды.

«Менің айналамдағылардың барлығы вакцина алды, оларға ешқандай жанама әсері болған жоқ және, менің ойымша, адамдар карантиннен шаршады. Біз вакцинаны тезірек алсақ, елдегі жағдай тезірек жақсарады», - дейді қала тұрғыны Элен Койгелдина.

«Әрине, мен бұрынғы өміріме, яғни маскасыз жүретін кезге қайта оралғым келеді. Себебі қазіргідей ыстық күнде маскамен жүру қолайсыздық тудырады», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Жанел Орашева.